ҚазАвтоЖол: шамадан тыс жүк Талдықорған – Өскемен жолын бүлдіріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – «Қазавтожол» карьер иелерін, жүк тасымалдаушыларды және ауыр жүк көліктерін пайдаланатын ұйымдарды бақылаудан айналып өтудің жолын іздемей, белгіленген салмақ пен осьтік жүктеме нормаларын сақтауға шақырды.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Бұл туралы мекеме өзінің Telegram парақшасында жаздды.

— Бірнеше күн бұрын Абай облысындағы жаңадан жаңғыртылған Талдықорған — Өскемен автомобиль жолына түсіп отырған шамадан тыс жүктеме туралы жазған едік. Енді сол жолдың жай-күйіне тікелей қауіп төндіріп отырған жағдайды нақты бейнежазба арқылы көрсетіп отырмыз. Кадрларда карьерден құрылыс материалдарын тиеп шыққан ауыр жүк көліктері көрінеді. Автоматтандырылған өлшеу станциясына (АӨС) жақындаған сәтте жүргізушілер негізгі жолдан шығып, жол жиегі арқылы салмақ бақылау жүйесін айналып өтеді.

Бұл көліктердің салмағы белгіленген нормадан асып отыр. Ал шамадан тыс жүк — асфальттың ең үлкен жауларының бірі. Артық салмақ жол конструкциясына есептік мөлшерден жоғары күш түсіріп, жамылғының мерзімінен бұрын тозуына, ойық іздердің, жарықтар мен түрлі деформациялардың пайда болуына әкеледі.

Осы тұста заңды сауал туындайды: егер көліктің салмағы мен осьтік жүктемесі талапқа сай болса, автоматтандырылған өлшеу станциясын айналып өтудің қажеті не?

АӨС көліктің жалпы салмағы мен оське түсетін жүктемені автоматты түрде өлшейді. Бұл — кәсіпке кедергі келтіретін құрал да, жүк тасымалын шектеудің амалы да емес. Керісінше, мемлекет қаржысына салынған жолдарды мерзімінен бұрын бүлінуден қорғайтын бақылау тетігі.

Бұл бағыттағы шамадан тыс жүктеменің салдарын қазірдің өзінде жоюға тура келіп отыр. Қысқа мерзім ішінде 10 мың шаршы метрден астам асфальтбетон жамылғысын қалпына келтіру қажеттілігі туындады. Жолдың бүлінуіне ықпал етіп отырған негізгі факторлардың бірі — белгіленген салмақ нормаларын сақтамайтын ауыр жүк көліктерінің қозғалысы.

Мәселенің тағы бір қыры бар. АӨС-ті айналып өту үшін көп тонналы көліктер жол жиегіне шығады. Ал жол жиегі ауыр жүк көліктерінің тұрақты қозғалысына арналмаған. Соның салдарынан негізгі жол жамылғысына ғана емес, жолдың өзге де конструктивтік элементтеріне қосымша салмақ түседі.

Осыған байланысты карьер иелерін, жүк тасымалдаушыларды және ауыр жүк көліктерін пайдаланатын ұйымдарды бақылаудан айналып өтудің жолын іздемей, белгіленген салмақ пен осьтік жүктеме нормаларын сақтауға шақырамыз.

— Елге жаңа жол да, жаңа инфрақұрылым да, тұрақты жұмыс істейтін бизнес те қажет. Алайда бір саланың дамуы екінші инфрақұрылымның мерзімінен бұрын бұзылуы есебінен жүзеге аспауға тиіс. Экономикалық белсенділік пен жолдың сақталуы бір-біріне қарсы ұғым емес. Мұнда бар болғаны ортақ талапты сақтау қажет, -делінген хабарламада. 

Осыған дейін ҚазАвтоЖол ауыр жүк көлігі жүргізушілеріне маңызды ескерту жасаған болатын.