ҚазАвтоЖол Шымкент — Өзбекстан автожолында жылдамдықты төмендетуге кеңес берді

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысындағы Шымкент — Өзбекстан шекарасы бағытындағы республикалық маңызы бар автожолдың цементбетон жабындысы бар учаскесінде профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Фото: ҚазАвтоЖол

Шымкент — Өзбекстан шекарасы бағытындағы автожолдың цементбетон жабындысы бар учаскесінде профилактикалық жұмыстар басталды.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, жұмыстар республикалық маңызы бар KZ 13-03 «Шымкент — Өзбекстан Республикасының шекарасы» автожолының 781 600-шақырымында, Шымкент қаласы бағыты бойынша жүргізіліп жатыр.

Мамандар цементбетон жабындысындағы деформациялық жіктердің техникалық жағдайын тексеріп, анықталған ақауларды жояды. Ведомствоның түсіндіруінше, жаз мезгілінде ауа температурасының жоғарылауына байланысты бетон плиталар кеңейеді. Егер деформациялық жіктер уақытылы күтіп ұсталмаса, жол жабындысында температуралық өзгерістер пайда болып, кейбір учаскелердің көтерілуіне себеп болуы мүмкін.

Фото: ҚазАвтоЖол

— Осыған байланысты жол қызметкерлері деформациялық жіктерді жөндеу және олардың одан әрі бүлінуінің алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл шаралар жолдың пайдалану сапасын сақтауға, цементбетон жабындысының қызмет ету мерзімін ұзартуға және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазір жөндеу жүріп жатқан аумақта уақытша жол белгілері орнатылған, — деп түсіндірді мамандар.

«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерді жылдамдықты төмендетіп, уақытша жол белгілерінің талаптарын және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Бұдан бұрын Астанада Сауран көшесінің бір бөлігі бір айға жабылатынын жаздық.