«ҚазАвтоЖол» цементбетон плиталарындағы деформация қаупі бар 31 учаскені анықтады

АСТАНА. KAZINFORM – «Алматы – Шелек – Қорғас» автожолында цементбетон жабындысына жүргізілетін профилактикалық жұмыстар күшейтілді.

Фото: Қазавтожол

Ауа температурасының жоғарылауына байланысты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының жол қызметтері республикалық маңызы бар «Алматы – Шелек – Қорғас» автомобиль жолындағы цементбетон жабынының жай-күйіне мониторинг жүргізуді күшейтті.

Жүргізілген тексеру барысында жол қызметтерінің мамандары жауапты ұйымдармен бірлесіп цементбетон жабындысы бар учаскелерді толық зерделеді. Мониторинг қорытындысы бойынша цементбетон плиталарында температуралық деформациялардың пайда болу қаупі бар 31 учаске анықталды.

Ақаулардың алдын алу мақсатында жол мамандары жедел түрде профилактикалық шараларды қолға алды. Қазіргі уақытта 21 учаскеде жоғары температура әсерінен бетон плиталарында пайда болатын ішкі кернеуді төмендетуге арналған қосымша деформациялық жіктер кесіліп, қажетті жұмыстар толық орындалды. Қалған 10 учаскеде профилактикалық жұмыстар жалғасуда және мамандардың тұрақты бақылауында тұр.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде цементбетон жабынының жергілікті ақауы түсірілген бейнематериал таралуда. Алдын ала мәліметтер бойынша, аталған жағдай ауыр жүк көлігінің өтуінен кейін болған. Көлік жүктемесінің әсерінен бетон жабынының бір бөлігі бұзылып, кейіннен осы учаскемен өткен жеңіл автокөліктердің дөңгелектеріне зақым келген.

Оқиғадан кейін жол қызметтері мердігер ұйыммен бірлесіп салдарды жою бойынша жедел шаралар қабылдады. Аталған учаске қысқа мерзімде нормативтік жағдайға келтіріліп, қазіргі уақытта көлік қозғалысы штаттық режимде жүзеге асырылуда.

Зардап шеккен көлік иелеріне келтірілген материалдық шығын мердігер ұйым тарапынан толық көлемде өтелді. Сонымен қатар аталған факті бойынша мердігер ұйымға қатысты полиция органдары әкімшілік ықпал ету шараларын қолданып, тиісті айыппұл салды.

Айта кетелік «ҚазАвтоЖол» республикалық жолдарға қатысты 12 мыңнан астам өтінімді өңдеген еді.