— Артық жүк тасымалын азайтып, жолдардың мерзімінен бұрын бұзылуына жол бермеу үшін республикалық жолдарда 46 автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылған. Станциялар көліктің салмақ-габариттік параметрлерін автоматты түрде тіркеп, деректі тиісті шара қабылдау үшін өкілетті органның ақпараттық жүйесіне жібереді. Сонымен қатар салмақ бақылауынан қашу жағдайлары кездеседі. Жекелеген жүргізушілер станцияларды рұқсатсыз кірме, шығу жолдары арқылы айналып өтеді немесе көлікті дұрыс тіркеуге кедергі келтіретін басқа да әрекеттерді жасайды. Қазіргі уақытта республикалық жолдардағы заңсыз кірме және шығу жолдар түгел тексеріліп, кезең-кезеңімен жабылып жатыр, — деді компания басшысы.
Осы ретте ол Премьер-министр Олжас Бектеновтен жүк көлігін өлшеуден жалтарғандарға жауапкершілік енгізу ұсынысына қолдау білдіруді сұрады.
— Олжас Абайұлы, өзіңіз қолдаған жағдайда автоматтандырылған салмақ-габариттік бақылаудан әдейі жасырғаны үшін нақты жауапкершілік белгілеу жөніндегі заңнамалық өзгерістерді пысықтауды ұсынамыз. Сондай-ақ мұндай құқық бұзуғаны үшін кәсіпкерлік субъектілерінің жауапкершілігін бір ізге түсіруді ұсынамыз, — деді Дархан Иманашев.
Айта кетейік, отырыста жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралып, жылу беру маусымына дайындық барысы пысықталып жатыр.