«ҚазАвтожолда» Жамбыл облысындағы магистраль құрылысы жайлы айтылды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Батыс Еуропа - Батыс Қытай халықаралық транзиттік дәлізі автожолының Жамбыл облысындағы бөлігінің құрылысына көбіне отандық өндірістің құрылыс материалдары қолданылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі «ҚазАвтожол» ҰҚ» АҚ Жамбыл облысындағы филиалына сілтеме жасап.

«ҚазАвтожол» ұлттық компаниясы филиалының басшысы Дәурен Тоқтаровтың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта Батыс Еуропа - Батыс Қытай күре жолының Жамбыл облысындағы бөлігінің 495 км салынып бітті, оның 295-і төрт жолақты, 200 км екінші дәрежелі техникалық, яғни екі жолақты. 351 км тас жол цемент-бетон,  144 км - асфальтты-бетон жабындысымен салынып, 13 тонналық жүкке есептелген. Жол құрылысшылары мұндай жол  20-25 жыл қызмет ететіндігін айтады.

Батыс Еуропа - Батыс Қытай магистральінің құрылысы жеті мың жамбылдықтарды жұмыспен қамтып отыр.  

Қазіргі уақытта халықаралық магистраль бойымен Жамбыл арқылы тәулігіне орта есеппен 7,5 мыңнан астам көлік жүріп өтеді.

Жамбыл облысындағы республикалық маңызға ие жолдың жалпы ұзындығы 1 237 км құрайды, оны күтіп ұстау жұмыстарын «Казахавтодор» РМК Жамбыл облысындағы филиалы жүзеге асырады.