«ҚазАзот» 2018 жылға дейін минерал тыңайтқыштар өндірісінің қуаттылығын арттырмақ (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Ақтау қаласында «ҚазАзот» ЖШС-ның минералды тыңайтықыштар өндіру зауытын кешенді жетілдіру жобасын қаржыландыруды бастады, деп хабарлады банктің баспасөз қызметінен.

Жобаның жалпы құны 56 млрд теңгеден астам соманы құрайды, қажетті қаражаттың 72,3%-ын ҚДБ ұлттық валютадағы несие түрінде 10 жылға дейінгі мерзімге ұсынады. Жоба 2015-2019 жылдарға арналған Қазақстанды индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі Мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады.

Жобаға 2018 жылға дейін аммиак пен азотты минералды тыңайтқыштар өндірісінің қуаттылығын 300 000 тоннадан 400 000 тоннаға дейін арттырып, кәсіпорынның негізгі активтерін жаңғырту кіреді.

Кешенді жетілдіру шикізатты өндіру мен өңдеуден бастап дайын өнімді өткізуге дейінгі толық өндіріс циклын құруды көздейді.

Жобаға «Шағырлы-Шөмішті» газ кен орнын игеру, газды-поршеньді электр станциясының, танкті және үрлемелі газдан шығатын аммиакты кәдеге жарату қондырғысының, түйіршіктеу мұнарасының құрылысы кіреді.

Зауыт толық жобалық қуаттылығын іске қосқаннан кейін, ауыл шаруашылығында және кен өндіру кәсіпорнында пайдалануға шығарылатын өнімнің 60%-на дейінгі көлемі ішкі нарыққа жеткізіледі, қалған 40%-ы экспортқа шығарылатын болады.