«ҚазАзот» зауытындағы төтенше оқиғадан зардап шеккен 2 адам жансақтау бөлімінде жатыр
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облыстық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, төтенше оқиға 18-шілде күні сағат 14.47 шамасында болған.
Оқиға орнында 4 адам зардап шегіп, барлығына «термиялық күйік» диагнозы қойылған. Екі адам жансақтау бөліміне, қалғаны травмотологиялық бөлімге жатқызылды.
– Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін ҚР бас реаниматологы мен күйік жарақаттары бойынша жетекші мамандар шақыртылды. Бүгінде зардап шеккен жұмысшылардың жағдайы бірқалыпты. Барлық қажетті көмек көрсетілуде. Жағдай облыс басшылығының бақылауында, - делінген хабарламада.
Маңғыстау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, кәсіпорын жұмысшылары отпен жұмыс істеу жұмыстарын тиісті рұқсат құжаттарын рәсімдемей орындалған.
– Оқиға жабық кеңістікте отпен жұмыс жүргізу кезінде болған. Еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы оқиғаға себеп болуы мүмкін. Анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылды, - делінген еңбек инспекциясы департаментінің ресми хабарламасында.
Аталған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы – «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, компания тарапынан зардап шеккен жұмысшылардың отбасыларына қажетті көмек көрсетіледі. Бұл шара да әкімдіктің бақылауында болады.
Бұған дейін Маңғыстауда «КазАзот» зауытындағы оқыс оқиғадан жұмысшылар зардап шеккенін жазған едік.