KazChess Awards 2026 жеңімпаздары анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада дәстүрлі «KazChess Awards» сыйлығы табысталды. Қазақстан шахмат федерациясы 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі үздік шахматшыларды, жаттықтырушыларды, төрешілер мен серіктестерді марапаттады.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Биыл номинациялар тізімі 20 санатқа дейін кеңейтілді, өткен жылы 12 номинация болған. Байқауда алғаш рет «Білім берудегі шахмат» бағдарламасының педагогтері мен функционерлеріне арналған номинациялар енгізілді. Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен спортшылар үшін үш арнайы санат қосылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, номинациялар санының артуы қазақстандық шахматтың қарқынды дамып келе жатқанының айқын дәлелі.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Федерация президенті Тимур Турловтың айтуынша, 2025 жыл — қазақ шахматы үшін тарихи жыл болды. Отандастарымыз халықаралық ареналарда жоғары нәтиже көрсетіп, 162 медаль жеңіп алды, оның ішінде — 64 алтын, 49 күміс және 49 қола.

— Бүгін біз түрлі турнирлер мен форматтарда жетістікке жеткен спортшылардың еңбегін мойындаймыз. Бұл — шахмат саласындағы ең маңызды шаралардың бірі. Жарыстарды жүйелі ұйымдастырудың арқасында елімізде шахмат турнирлерінің саны айтарлықтай артты. Қазір ел көлемінде ай сайын түрлі деңгейдегі жүздеген турнир өтеді. Оның бірнеше жүзін федерация ұйымдастырады. Менің басты міндетім — адам капиталына инвестиция салу. Инфрақұрылым мен ғимараттарға қаржы бөлуді әкімдіктер жақсы жолға қойған. Ал біз адамдарға, технологияға, брендтерге, шәкіртақыларға және жарыстарды дамытуға көңіл бөлуіміз керек, — деді Тимур Турлов.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Жеңімпаздар Қазақстан шахмат федерациясы президиум мүшелерінің дауыс беру жолымен таңдалды. Жеңімпаздарды анықтау кезінде спортшылардың халықаралық және республикалық жарыстардағы жеке көрсеткіштері ескерілді.

Жыл сайын тек марапаттар саны ғана емес, қазақстандық шахматшылардың да амбициясы артып келеді. Олардың қатарында 15 жастағы Сауат Нұғалиев те бар. Ол бүгін ғана классикалық шахматтан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанды. 13 тур қорытындысында 9 ұпай жинаған жас шахматшы марапаттау рәсіміне чемпиондық жүлдесімен келді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Шынымды айтсам, бұл жеңіске өте қуаныштымын. Себебі бұл жүлденің орны бөлек. Бұл жолы мен Қазақстанның ең мықты шахматшыларымен сынға түстім. Сондықтан енді өзімді елдің үздік шахматшысы деп сенімді түрде айта аламын. Өткен жылы да осы марапаттау рәсіміне қатысқан едім. Алайда ол кезде айтарлықтай нәтиже көрсете алмадым. Сондықтан марапаттан үміттенбедім. Биыл жағдай өзгерді деп ойлаймын, — деді Сауат Нұғалиев.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Қазақстан шахмат федерациясының үш жылдық жүйелі жұмысы нақты нәтиже беріп келеді. Атап айтсақ, әлемнің жасөспірімдер құрамалары арасында еліміз бірінші орынға шықты. Бір жылдың ішінде шахматшылар 162 халықаралық медаль жеңіп алды. Ал мектептердегі «Білім берудегі шахмат» бағдарламасына 60 мың бала қатысып жатыр.

Айта кетейік, Шахматшы Алуа Нұрман FIDE әлемдік рейтингісінде үздік үштікке енді.