«КAZENERGY» қауымдастығы мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «Жеңіс мұрагерлері» сайысының қорытындысы бойынша фотокөрме өткізеді

АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат - Мамырдың 22-сінде сағат 11.00-де Астана қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде «Уақыттың әмірі жүрмейтін естелік» атты фотокөрме ашылады. Бұл көрме Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Жеңіс мұрагерлері» акциясын қорытындылайды.

Фотокөрмеге «Уақыттың әмірі жүрмейтін естелік» сайысында іріктелген үздік суреттер қойылады. Аталған фотосайысқа жоғарғы оқу орындары мен кәсіби колледждердің студенттері, мектеп оқушылары мен жас мамандар қатысқан болатын.

Бұл фотокөрменің мақсаты - Ұлы Жеңіс жайлы, майдан мен тылдағы азаматтардың ерлігі мен сол бір қасіреті мол күндердің оқиғаларын жастардың есіне салу.

Тура осындай көрме соңынан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде өткізіледі.