KAZENERGY қазақстандық студенттерге 1 млн. АҚШ доллары болатын білім гранттарын үлестірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - KAZENERGY төрт жылдан бері білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда. Оның аясында былтыр Солтүстік Каспий және Қарашығанақ жобаларының қаражаты есебінен 590 қазақстандық студентке 2016-2017 жылғы оқу жылына арналған білім гранттары табыс етілді. Оның жалпы сомасы 1 млн. АҚШ долларынан асады.

 Бұл туралы 25 қаңтарда Тимур  Құлыбаевтың төрағалық етуімен өткен KAZENERGY қауымдастығы кеңесінің кезекті 21-мәжілісінде мәлім болды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Студенттер күрделі екі деңгейлік байқаудан өтті. Сонымен қатар  2016-2017 оқу жылына арналған KAZENERGY атаулы шәкіртақысы ҚР ЖОО 16 студентіне және колледждердің 15 студентіне үлестірілді.

Сондай-ақ KAZENERGY бас директоры Болат Ақшолақов қатысушыларды биылғы  2017 жылға арналған KAZENERGY жұмыс жоспары туралы хабардар етті. Қауымдастық биыл да «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» кодексін және басқа да  құқықтық актілерді, қала құрылысы туралы және архитектуралық құжаттамаларды, сонымен қатар стандарттау бойынша нормативтік құжаттарды  әзірлеу жұмыстарына қатысуын жалғастырмақ. Бірлескен салық және кеден  кодексін қалыптастыру бойынша жұмыстарға баса назар аударылады.

Биылғы жылы  «Kazenergy-2017» ұлттық энергетикалық баяндамасының 3-ші редакциясы бойынша жұмыстарды бастау  жоспарланып отыр. Бұл жоба республиканың барлық сарапшылық қауымдастығы үшін маңызды оқиға болып табылады  және  оған әрдайым  көпшілік  қызығушылық танытады.

Қауымдастық Төрағасы Тимур Құлыбаев кеңесті қорытындылай келе  KAZENERGY қауымдастығының 6 жаңа мүшесін -  «Маерск Ойл Қазақстан ГмбХ», «MOL (FED) Kazakhstan B.V.», «OMV Petrom S.A.», China Petrochemical Corporation (Чайна Петрокемикал Корпорейшн) компаниясының ҚР-дағы өкілдігі,  «ҚМӨЗ» ЖШС,  «Жобақұрылыссервис»  ЖШС-ны мүшеліктерімен  құттықтап,  сертификат тапсырды.