«KazEOSat» өзін 10 жылда ақтайды - Т. Мұсабаев

АСТАНА. ҚазАқпарат -Жерді қашықтықтан зондтайтын қазақстандық «KazEOSat» ғарыш аппараты өзін он жыл ішінде ақтайды. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев мәлім етті

Еске салайық, жалпы отырыста «2009 жылғы 6 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесін және ғарыш аппараттарының құрастыру-сынау кешенін құру мен пайдалану шарттары туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң қабылданған болатын.

Тоқтала кететін жайт, 2014 жылы Қазақстанның Жерді қашықтықтан зондтайтын екі ғарыш аппараты орбитаға шығарылған. Жоғары және орташа дәлдіктегі бұл аппараттар әлі де Қазақстанның меншігіне өтпегені белгілі.

«Бұл ғарыш аппараттары ең алдымен мемлекеттік мүддеге жұмыс істейді, сондықтан да олардың өздерін ақталуы бірден болмайды. Тіпті, өзін-өзі өмір бойы ақтамайтын жүйелер де бар. Ал біз өзіміздің спутниктер мен жалпы қазақстандық ғарыш жүйесін 10 жылдың ішінде өзін-өзі ақтайды деп есептеп шықтық. Әрине, бұл ең біріншіден Үкіметтің қандай шешім қабылдайтынына да байланысты. Екінші мәселе, ондай жүйені ұстап тұру үшін де қаражат керек. Өйткені, мемлекеттік органдарға ғарыш аппараттарынан түсірілген суреттерді тегін беретін болсақ, онда ғарыш аппаратын ұстап тұру мәселесін шешуге тиіспіз», - деді Т. Мұсабаев.

Айта кетерлігі, Қазақстанның мемлекеттік органдары сұрау салу арқылы спутниктерден шамамен 10 миллиард теңгенің фотосуреттерін алуда жоспарлайды. Ал ғарыштық жүйені ұстап тұру үшін шамамен жылына 450 млн. теңге қажет екен.