ҚазЭУ-де «Темекісіз өмір - есірткісіз өмір» атты шығармашылық сайыс өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Қазанның 31-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін ҚазЭУ-де Әуезов ауданының барлық ЖОО-лар мен орта білім беру орындары студенттерінің қатысуымен «Темекісіз өмір - есірткісіз өмір» атты шығармашылық  сайыс өтіп жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әуезов аудандық  нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес комиссиясының қолдауымен өтіп отырған іс-шара барысында, студенттердің нашақорлыққа, темекіге қарсы тақырыбында түсірген бейнероликтері мен плакаттары жұртшылыққа көрсетілді. Сондай-ақ баскетболдан спартакиада өтіп жатыр.

«Ауданымызда 6 жоғары және 8 орта арнайы оқу орындары бар, сайыс солардың белсенді студенттерінің ұйымдастыруымен өтіп отыр. Шараның мақсаты - салауатты өмір салтын насихаттау, есірткілік және психоактивтік зат текті қолдану мен өрістеуден сақтандыру», дейді Роза Исламова, Әуезов ауданы әкімдігінің мемлекеттік құқық бөлімінің бас маманы, есірткі және есірткі бизнесімен күрес комиссиясының хатшысы.

Аталмыш шараға медико-әлеуметтік коррекция бойынша қалалық наркология орталығының, Әуезов аудандық прокуратурасының, Әуезов ауданы ішкі істер басқармасының, аудандық медициналық бірлестігінің, коммерциялық емес «PSI» ұйымының өкілдері қатысты.