Қазғарыш басшысы Т. Мұсабаев пен Роскосмостың жаңа басшысы О.Остапенко алғашқы жұмыс кездесуін өткізді
Қазақстан және Ресей ғарыш ведомстволары басшыларының кездесуінде ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, «Қазсат-3» байланыс және хабар тарату ғарыш аппаратын жасау және іске қосу, «Зенит» зымыран-тасығышы базасындағы «Бәйтерек» жобасын іске асыру барысы, сондай-ақ, екі ел президенттерінің IX форумда берген тапсырмаларына сәйкес «Байқоңыр» кешенін бірге пайдалану жөніндегі жол картасын әзірлеу үдерісі мәселелері көтерілді.
Кездесуде «Қазсат-3» спутнигін жасауды бекітілген кестеге сәйкес, ресейлік М.Решетнев атындағы «Ақпараттық спутник жүйелері» ААҚ компаниясы жүзеге асыратыны атап айтылды. Үшінші қазақстандық байланыс спутнигі белгіленген мерзімде, 2014 жылдың бірінші тоқсанында Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылады.
Кездесу қорытындылары бойынша тараптар барлық көтерілген мәселелер бойынша өзара толық түсіністікке келді. Сондай-ақ, тараптар барлық туындаған мәселелерді ашық және жедел тәртіпте шешуге уағдаласты деп атап өтті Қазғарыш баспасөз қызметінен.
Кездесу соңында ҚР ҰҒА басшысы Талғат Мұсабаев өзінің ресейлік әріптесін Қазақстан астанасына келуге шақырды. Ресейлік тарап шақыруды қабыл алды.
Роскосмос басшысы Олег Остапенконың Қазғарышқа жұмыс сапары ағымдағы жылғы қараша айының соңына белгіленген, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметінен.