Қазғарыш электронды білезіктерді енгізу мәселесімен айналысады - ҚР Бас прокуратурасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазғарыш электронды білезіктерді енгізу мәселесімен айналысатын болды. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан семинар-кеңесте ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов мәлім етті.

«Электронды білезіктер мәселесіне тоқталатын болсақ, Ішкі істер министрлігі бұл проблемамен айналысуда құлшыныс танытып отырған жоқ. Біз екі жыл қатарынан Қазақстанда электронды білезіктер өндірісін ұйымдастыру үшін Үкіметке тиісті хат жолдаған болатынбыз. 8 қазанда біз бұл мәселені ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің деңгейінде талқыладық. Осы орайда «Қазғарыш» осы мәселені зерттеумен айналысып, электронды білезіктер өндірісін іске асыру тұрғысында шешім қабылданды»,-деді Ж. Асанов Қылмыстық атқару кодексі және Әкімшілік құқық бұзушылақтар туралы кодексінің жаңа моделіне көшу мәселелері бойынша семинар-кеңесте.

Оның айтуынша, бұл жүйе айтарлықтай арзанға түседі және тиімдірек. Прокуратура есептеуіне қарағанда, 77 мың білезік қажет.

«Осы орайда Ішкі істер министрлігі шетелдік бідезіктерді сатып алуға бөліп отырған 2,5 млрд. теңге ештеңені де шешпейді. Атап айтқанда егер де бағдарламалық жасақтау шетелдік болса, менің ойымаша, бұл керісінше қандай да бір зиянкестік.. Бізде бұл бағытта уақыт болды. Электронды білезіктерді енгізу керектігі туралы заң 2 немесе 3 жыл бұрын қабылданған еді. Осыдан бері бұл тұрғыда өте баяу жылжып келеміз, алайда, абырой болғанда осы мәселе шешілу кезеңінде», - деп түйді ол.