Оның сөзіне қарағанда, аталған мақсатқа жету үшін 2015 жылға қарай жалпы қосымша құнның өсімін 85 млрд. теңгеге, ал экспорт өсімін 15 млрд. теңгеге жеткізу қажет. Үшіншіден, спутниктік байланысты пайдалану деңгейін 80 пайызға, дәлдігі жоғары спутниктік навигацияны 30 пайызға жеткізу керек. Сондай-ақ тұтынушыларға қажет жалпы деректердегі қазақстандық жерді қашықтықтан зондтау ғарыш аппараттарынан алынатын деректер үлесін 50 пайызға жеткізу жоспарланған.
«Бағдарламаның мақсаты - Қазақстанда толық қанды ғарыш саласын құрудың бірінші кезеңін іске асыру болып табылады. Бұл мақсатқа жету үшін ғарыш жүйелерін жасап оны пайдалана білу керек. Сондай-ақ желілі ғарыш инфрақұрылымын дамыту керек. Бұған қоса, ғарыш қызметінің ғылыми технологиялық негіздерін жетілдірген дұрыс», - деді М. Молдабеков.