Қазгидромет: 25 қаңтарға арналған ауа райы болжамы

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - 25 қаңтар күні республика аумағының басым бөлігінде бұрынғыша атмосфералық фронтальдық ағындардың өтуіне байланысты ауа райының тұрақсыздығы сақталады, жер-жерлерде қар, бұрқасын қатты желге ұласады, жекелеген аудандарда тұман, көктайғақ болады, тек республиканың шеткі солтүстік аймақтарында ауа райы жауын-шашынсыз болады. Бұл туралы «Қазгидрометке» сілтеме жасап, ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен хабарланды.

Ақтөбе, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде бұрқасындатып, желдің күші 15-20 м/с-қа жетеді. Қостанай облысының кейбір жерлерінде боран күтіледі, таңертең және күндіз жел 15-20 м/с-қа күшейеді, түнде және таңертең тұман түседі. Атырау облысында күндіз жер-жерлерде боран соғып, жел 15-20 м/с-қа жетеді, түнде және таңертең тұман, көктайғақ орын алады. Шығыс Қазақстан облысының кейбір өңірлерінде жел 15-20 м/с-қа дейін күшейіп, таңертең және күндіз боранға ұласады. Жамбыл, Маңғыстау облыстарының кей тұстарында тұман түсіп, көктайғақ болады. Желдің күші 15-20 м/с-қа жетеді. Алматы облысының жер-жерлерінде тұман, көктайғақ, Жалаңашкөл ауданында жел 17-22 м/с-қа дейін күшейеді. Оңтүстік Қазақстан облысының кейбір аймақтарында тұман түсіп, 15-20 м/с-қа жел күшейеді. Күндіз Қызылорда облысының кей жерлерінде тұман, көктайғақ күтіледі.