Қазгидромет: Алматыда қатты дауыл соғатыны туралы ақпарат - фейк

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – WhatsApp мессенджерінде Алматыда екпіні сағатына 100 шақырымнан асатын қатты дауыл соғатыны туралы хабарлама тарады. Осыған байланысты «Қазгидромет» РМК ресми түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

WhatsApp мессенджерінде қазақстандық метеорологтар атынан Алматыда қатты дауыл соғатыны туралы ескерту тарады.

Хабарламада желдің екпіні - сағатына 100 шақырымға, жауын-шашын мөлшері - 50 мм-ге жетіп, жел мен нөсер жауын ғимараттар мен инфрақұрылымға зиян келтіруі мүмкін екені ескертілген. Жазба авторы қала тұрғындарын үйден шықпауға шақырады.

«Қазгидромет» РМК WhatsАpp мессенджерінде тараған бұл хабарламалардың жалған екенін мәлімдеді.

«Алматы қаласында WhatsАpp мессенджері арқылы қатты дауыл соғатыны туралы тараған хабарлама - фейк. Ауа райы болжамы туралы сенімді ақпарат ресми сайтымызда жарияланады», - деп хабарлады «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі.

Еске салайық, Қазгидромет еліміздің бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жариялады.