Қазгидромет: арктикалық суық жел республиканың солтүстік, орталық және шығысына ықпалын сақтауда

АСТАНА. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін арктикалық суық жел өзінің ықпалын сақтайды. Бұл ретте, республиканың солтүстігінде, орталығы мен шығысында жауын-шашынды күн райы күтіледі, деп хабарлады «Қазгидромет» РМК.

Республиканың қалған аумақтарында ауа райы жылы әрі ашық болады.

Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар, күндіз Қарағанды облыстарында кей жерлерде 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады. Солтүстік Қазақстан, Ақмола облысында түнде және таңертең жекелеген жерлерде тұман болады. 

Түнде Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының  кей аумақтарында ауа райы 0-2 градусқа дейін суытады деп күтілуде. Республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығысындағы кей өңірлерде төтенше жоғары өрт қаупі сақталады.

Алдағы 3 тәулікте елдің оңтүстік-шығыс және шығысындағы таулы өзендерде су деңгейінің ауытқуы байқалады. Қазақстанның қалған сулы нысандарында айтарлықтай өзгерістер күтілмейді.