Қазгидромет Астанадағы ауасы қатты ластанған жерлерді атады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК зертхана басшысы Дана Аманбаеваның айтуынша, елорданың ауасы «орташа ластанған» деңгейге жатады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астанада көбінесе, азот диоксиді, көмірсутек оксиді сияқты газдардың мөлшері жоғары болады. Сосын шаң-тозаң көп. Ал осы көрсеткіштер бойынша ауаның қатты ластануы «Шапағат» коммуналдық базары маңайында байқалады. Ол жерде ауа тазалығын өлшейтін №4 бекет орналасқан. Бұдан бөлек, Алаш тас жолындағы № 6 бекеті («Астана тазалық»-тың ағын сулар тұндырғышы маңайында - авт.) ауаның қатты ластануын тіркеп отыр», - дейді Аманбаева.

Оның сөзіне қарағанда, Астананың ауасын, көп жағдайда, көліктер ластайды. Себебі қаланың маңайында ірі өндірістік орындар жоқ.

Айта кетейік, бүгін «Қазгидромет» РМК Астананың ауа тазалығын бақылайтын фин технологиясын таныстырды .   Аталған құрылғылар ЭКСПО-2017 көрмесінде таныстырылған болатын. Жалпы, көрме теxнологиялардың ішінен 105 жоба іріктелді .