Қазгидромет еліміз бойынша ауа райына байланысты ескерту жасады

АСТАНА. KAZINFORM – «Қазгидромет» РМК 23 шілдеге ауа райына байланысты ескерту жариялады. Елдің барлық облысында нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ, екпінді жел, аптап ыстық, сел қаупі, өзендердегі су деңгейінің көтерілуі және өрт қаупі болжанып отыр.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Астанада күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей уақытта бұршақ түсуі мүмкін.

Алматыда өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15 метрге дейін жетеді. Қалада төтенше өрт қаупі сақталады. Таулы аймақтарда нөсер жаңбыр, бұршақ, жел соғып, екпіні секундына 25 метрге дейін күшеюі ықтимал.

Ақмола облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың солтүстігі мен шығысында қатты жаңбыр, күндіз бұршақ пен жел күтіледі. Түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Облыстың батысында жоғары өрт қаупі сақталады.

Ақтөбе облысында батыс және оңтүстік аудандарда күндіз ауа температурасы 35–36 градусқа дейін көтеріледі. Батыс пен шығыста жоғары, оңтүстік-шығыста төтенше өрт қаупі сақталады.

Алматы облысында солтүстік, оңтүстік және таулы аудандарда жаңбыр жауып, найзағай болады. Кей жерде нөсер жаңбыр, бұршақ және жел күтіледі. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге, күндіз кей жерлерде 25 метрге дейін жетеді. Өңірде жоғары, кей жерде төтенше өрт қаупі сақталады. Таулы аймақтарда сел жүру қаупі бар.

Абай облысында түнде және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік және оңтүстік бөлігінде нөсер жаңбыр, бұршақ, жел күтіледі. Желдің екпіні күндіз секундына 23–28 метрге дейін күшейеді. Өрт қаупі жоғары және төтенше деңгейде сақталады. 23–25 шілде аралығында таулы және тау бөктеріндегі аудандарда өзендердегі су деңгейі көтеріліп, беткейлік ағын мен сел жүруі мүмкін.

Атырау облысында күндіз қатты ыстық болып, ауа температурасы 35–39 градусқа дейін көтеріледі. Жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Шығыс Қазақстан облысында түнде және күндіз жаңбыр жауады, найзағай болады. Таулы аудандарда қатты және өте қатты жаңбыр жауып, бұршақ пен жел соғуы мүмкін. Желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетеді. Өрт қаупі жоғары және төтенше деңгейде сақталады. 23–25 шілдеде таулы және тау бөктеріндегі аудандарда өзендердегі су деңгейі көтеріліп, сел жүру қаупі артады.

Жамбыл облысында жаңбыр, найзағай, кей жерде нөсер жаңбыр, бұршақ және жел күтіледі. Желдің екпіні секундына 25 метрге дейін күшейеді. Төтенше, кей жерде жоғары өрт қаупі сақталады.

Батыс Қазақстан облысында күндіз облыстың батысы мен солтүстігінде өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Ауа температурасы 35–38 градусқа дейін көтеріліп, жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Қарағанды облысында жаңбыр, найзағай, солтүстік және оңтүстік-шығысында нөсер жаңбыр, күндіз бұршақ пен жел күтіледі. Өрт қаупі жоғары.

Қостанай облысында солтүстік, шығыс және оңтүстік аудандарда жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз бұршақ пен жел күтіледі. Түнде және таңертең кей жерде тұман түседі. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Өрт қаупі жоғары және төтенше деңгейде сақталады.

Қызылорда облысында күндіз оңтүстік аудандарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыс бойынша төтенше өрт қаупі сақталады.

Маңғыстау облысында күндіз ауа температурасы 38–40 градусқа дейін көтеріледі. Жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Жетісу облысында солтүстік, батыс, оңтүстік, орталық және таулы аудандарда жаңбыр жауып, найзағай болады. Тауда кей жерде нөсер жаңбыр мен бұршақ болады. Өңірдің шығысында желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін жетеді. Таулы өңірлерде сел жүру қаупі бар. Облыстың солтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Павлодар облысында жаңбыр, найзағай, кей жерде нөсер жаңбыр, бұршақ және жел күтіледі. Желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін күшейеді. Оңтүстік және орталық бөлігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Солтүстік Қазақстан облысында солтүстік, оңтүстік және шығыс аудандарда өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз бұршақ түсуі мүмкін. Түнде және таңертең кей жерде тұман түседі. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді.

Түркістан облысында батыс, солтүстік, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда жаңбыр, найзағай, бұршақ, жел және шаңды дауыл күтіледі. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Облыс бойынша төтенше өрт қаупі сақталады.

Шымкентте өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Күшті жел соғып, солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Қалада төтенше өрт қаупі сақталады.

Ұлытау облысында күндіз солтүстік және шығыс аудандарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Бұршақ пен күшті жел күтіледі. Оңтүстік және орталық бөлігінде аздаған жаңбыр жауып, найзағай болады. Оңтүстікте шаңды дауыл соғуы мүмкін. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Осыған дейін елдің көп бөлігінде күн салқындайтыны туралы жаздық.