Қазгидромет: Қазақстанда ауа райы күрт өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМК 18 мамырға арналған ауа райы болжамын жариялады.
— Белсенді циклон және соған байланысты атмосфералық фронттар Қазақстан аумағының басым бөлігіне жаңбыр, солтүстік, орталық және оңтүстік-шығыс өңірлерге қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ, желдің күшеюі мен ауа температурасының төмендеуін әкеледі. Тек батыс өңірде антициклонның әсерінен құрғақ және ашық ауа райы сақталады, — делінген хабарламада.
«Қазгидромет» өрт қаупі жоғары өңірлерді атады.
— Оларға Маңғыстау, Ақтөбе облыстарының батысы; Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарының оңтүстігі; Жамбыл облысының солтүстігі мен оңтүстік-шығысы; Түркістан облысының оңтүстігі мен таулы аймақтары; Атырау облысының оңтүстігі, батысы, солтүстік-шығысы; Алматы облысының орталығы; Жетісу облысының солтүстік-батысы мен оңтүстігі жатады, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Төтенше өрт қаупі күтілетін өңірлер төмендегідей:
Қызылорда, Түркістан облыстары;
Жамбыл облысының батысы, шығысы мен орталығы;
Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысы;
ШҚО мен Алматы облысының батысы, солтүстігі;
Ақмола облысының батысы;
Жетісу облысының солтүстігі мен шығысы;
Абай облысының батысы, солтүстігі, оңтүстігі мен орталығы;
Сонымен қоса кейбір аймақта аптап ыстық сақталады. Мәселен Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында күндізгі уақытта ауа температурасы 35–37°С-қа дейін ысиды. Осы өңірлердің оңтүстігінде күн 40°С-қа дейін барады.
Бұған дейін биылғы жазда ауа райы қалай болатыны айтылды.