Қазгидромет: Қыркүйектің 5-і күнгі ауа райы болжамы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қыркүйектің 5-і күні Қазақстанның басым бөлігіне солтүстік-батыс антициклоны әсер етеді, осыған байланысты ауа райы жауын-шашынсыз болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидромет» РМК-ның мәліметтеріне сілтеме жасап.

Кәсіпорын таратқан мәліметтерге қарағанда, республиканың тек солтүстігінде, шығысында және оңтүстік-шығысында атмосфералық фронталды бөліктердің өтуіне байланысты ауа райы құбылмалы болады.

Республиканың кейбір бөліктерінде найзағай ойнап, жаңбыр жауса, кей жерлерге тұман түсіп, жел күшейеді, оңтүстікте шаңды дауыл, оңтүстік-шығыста дауыл тұрады, бұршақ жаууы да мүмкін деп болжанып отыр.

Жамбыл облысының кей жерлерінде тұман түсіп, күндіз дауыл тұрады, жел күшейіп, жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді, бұршақ жаууы мүмкін.

Түркістан, Маңғыстау, Шығыс-Қазақстан, таңертең және күндіз Қызылорда, күндіз Ақтобе облыстарының кей жерлерінде жел 15-20 м/с жылдамдықпен соғады. Түркістан облысының кей жерлерінде шаңды дауыл тұрып, түнде Шығыс Қазақстан облысының бірқатар бөлігінде тұман түседі.

Ақмола, Павлодар облыстарының кей жерлеріне тұман түседі.

Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарында, Қарағанды облысының солтүстігінде түнде кей жерлерінде 1-3 градус үсік жүреді.

Атырау, Қызылорда облыстарының басым бөлігінде, Түркістан облысының шығысында, Батыс Қазақстан облысының оңтүстігінде, Қарағанды облысының оңтүстік-батысында төтенше өрт қауіпі сақталады.