Қазгидромет тағы бірқатар өңірде ескерту жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК ауа райының бұзылуына байланысты тағы бірқатар өңірде ескерту жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Синоптиктердің мәліметінше,  12 қазан күні Батыс Қазақстан облысының кей жерлерін тұман басып, солтүстіктен соғатын желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін күшейеді. Орал қаласында 12 қазанда солтүстіктен соққан желдің екпіні 18 м/с артады.

13-14  қазан күндері Түркістан облысында, 14 қазанда Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында жауын жауады. Таулы аймақтарда жауын-шашын қатты болатыны (жаңбырдың соңы қарға ұласады) күтіледі. 13 қазанда Жамбыл облысында оңтүстік-батыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с, екпіні кей жерлерде 23-28 м/с және 30 м/с жететіні болжанады. 14 қазанда күндіз ауа температурасы 5 10 градус болады.

13  қазанда Кызылорда облысының кей жерлерінде солтүстік-батыстан жел соғып, оның жылдамдығы 23-28 м/с артады. Кей жерлерде 30 м/с және одан аса екпінде соғады.

«Қазгидромет» бұған дейін өзге бірнеше аймақта ескерту жариялаған болатын.

Мәселен, Ақтөбе облысында 12-13 қазан күндері ауа температурасы 10 градус жылы болады. Түнде үсік жүреді. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метр жылдамдыққа дейін жетеді. Облыстың солтүстік аудандарында қар аралас жаңбыр жауады. 12 қазанда Ақтөбеде өткінші жаңбыр жаууы ықтимал.

Сонымен қатар, 12-13 қазан күндері Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстарында, 13 қазанда Павлодар облысында жауын-шашын болады. Жаңбырдың соңы қарға ұласады. Жел алдымен оңтүстік-батыстан, артынша солтүстік-батыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен соғады, екпіні 25 м/с жетуі мүмкін. Ауа температурасы күндіз 3-10 градус нөлден жоғары болады.

Астана қаласында 12 қазанда күндіз және 13 қазанда жаңбыр жауып, оның арты қарға ұласуы мүмкін. 12 қазанда жел оңтүстік-батыстан 15-20 м/с жылдамдықпен соғады.