Қажет болған жағдайда арағайын болуға және диалог алаңын ұсынуға дайынбыз – Президент

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жан-жақты ұлттық қайта құру оңай процесс емес. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жан-жақты ұлттық қайта құру оңай процесс емес, бұл жолда алдымыздан белгілі бір дәрежеде қиындықтар кездеседі. Егер біз Қазақстан азаматтарының үмітін ақтағымыз келсе, бұл стратегиялық жолдан айнымаймыз! Кейінгі үш жылда біз реформалардың төрт топтамасын іске асыру арқылы елеулі өзгерістер жасадық. Мысалы, Парламент қабылдаған жаңа заңдар саяси партияларды тіркеуді жеңілдетіп, саяси ұйымдардың Парламентке өту шегін 7 пайыздан 5 пайызға дейін қысқартты. Азаматтардың мемлекеттік басқаруға араласуына мүмкіндікті кеңейту үшін партиялық сайлау тізімдеріндегі әйелдер мен жастарға міндетті 30 пайыздық квота қарастырылған», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жауапкершілігін арттыру үшін жергілікті әкімдерді тікелей сайлау енгізілгенін атап өтті.

«Қоғам мен билік арасындағы ашықтық мәдениетін дамыту үшін біз бейбіт жиындар туралы заңға өзгертулер енгіздік. Енді жиындар өткізу үшін мемлекеттік органдардың келісімі қажет емес. Қазақстан адам өміріне және адамның қадір-қасиетіне жалпыға бірдей танылған құқықтары аясында халықаралық міндеттемелерге сәйкес өлім жазасын алып тастады. Әділетті Қазақстан біздің көпұлтты және көпконфессиялы ынтымағымызға негізделген. Біз «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидасын қатаң ұстана береміз», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы өткен аптада Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі табысты өткеніне назар аудартты.

«Съезде діни толеранттықтың, диалог пен мәселелерді бейбіт жолмен шешудің маңызды екені тағы да айтылды. Біз қажет болған жағдайда арағайын болуға және диалог алаңдарын ұсынуға дайынбыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



Фото:akorda.kz