Қажығұмар Шабданұлының 6 томдық “Қылмыс” романы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды

АЛМАТЫ. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қажығұмар Шабданұлының тағдыры бүкіл қазақтың тағдырының айнасы іспеттес. Бүгін Алматыда белгілі жазушы, ақын, драматург Қажығұмар Шабданұлының 6 томдық "Қылмыс" романын Мәдени саясат және өнертану институтының атынан Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ұсыну туралы баспасөз мәслихатында осылай айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Қ. Шабданұлының кітабын оқып отырған кезде 20-шы ғасырдағы қазақтың алқакөл сұламасын анық көреміз. Бұл кісінің тағдырына қатысты мәселені көтеріп жүрген Қабдеш ағамызға, "Жас Алаш" газетінің ұжымына өзіміздің ризашылығымызды білдіреміз. Қазіргі таңда Жазушылар одағы да осы мәселені өзектендіріп жатыр. Отанын аңсап жүрген адамға осындай мемлекеттік сыйлық беру заңды деп ойлаймыз. Ұлтты ұлттық құндылықтар мен мәдени-гуманитарлық құндылықтар аясында топтастыру идеясы болу керек", дейді Мәдени саясат және өнертану институтының директоры Ерлан Сайыров. Оның айтуынша, қазақ әдебиетінде үлкен құбылыс болған "Қылмыс" романының 6 томы рәсімделіп институт атынан Мәдениет және ақпарат министрлігіне жіберілді. Жалпы алғашқы екі томы Қытайда жарық көрген бұл шығармасы үшін жазушыға 2000 жылы Қазақстан Жазушылар одағы халықаралық "Алаш" сыйлығын берген болатын. 2005 жылы Дүниежүзі қауымдастығы жанындағы "Атажұрт" баспасынан оның алғашқы томын шығарған еді. Биыл онда Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен романның 6 томы толықтай жарық көріп, оқырманның іздеп оқитын сүйікті кітабына айналды.