Қажылыққа тегін апарамыз деп жинап алынған төлқұжаттар өзге мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін - ҚР Дін істері комитеті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР МСМ Дін істері комитеті ғаламторда тараған тегін қажылық рәсіміне шақыру деректеріне қатысты ресми мәлімдемесін жариялады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитеті интернет желісі арқылы Сауд Арабиясы Королдігіндегі Мекке және Мәдина қалаларына тегін қажылық ұйымдастыруды ұсынатын белгісіз топтардың қызметтеріне алданып қалуыңыз мүмкін екендігін ескертеді.

Біріншіден, еліміздегі қажылық жұмыстары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) арқылы Сауд Арабиясы тарапынан жыл сайын арнайы бөлінетін квота негізінде жүзеге асырылады.

Қажылықты ұйымдастырумен тікелей ҚМДБ бекіткен туристік компаниялар айналысады. Жалпы, біздің елімізде ҚМДБ арқылы қажылық рәсімді өткізуге тегін квота бөлінетіні және ҚМДБ бекіткен фирмалардың мұндай жарнама тарататыны туралы ақпарат болған жоқ. Ал қандай да бір жергілікті немесе шет елдік компаниялар арнайы бөлінетін квотасыз қажылық сапарды ұйымдастыруы мүмкін емес.

Екіншіден, азаматтарды қажылыққа тегін апарамыз деп алдын ала жинап алынған төлқұжаттар өзге мақсаттарда пайдаланылуы, қазақстандықтар осындай алаяқтық әрекеттердің салдарынан зардап шегуі мүмкін.

Осыған орай, қажылыққа баруға ниет білдірген азаматтар белгісіз адамдардың немесе ұйымдардың алдауына түсіп қалмаулары үшін ҚМДБ-ның баспасөз құралдарында тізімдері бекітілген туристік компанияларға хабарласқандары жөн. Осы ретте қажылыққа баруға ниеттенген әрбір азаматтың тізімдері бекітілген компанияларға төлқұжатын өз қолымен әкеліп өткізгендері дұрыс.

Жалпы, әртүрлі «тегін» шақыртуларға сақтықпен қарап, киелі жерлерге қажылыққа баруды ұйымдастыратын компанияларды таңдауға үлкен жауапкершілікпен қараған абзал.