Қажылықтан келген туысын лимузинмен күтіп алғаны үшін айыппұл салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы қажылықтан оралған тәжікстандық азаматты әуежайдан лимузинмен күтіп алған туысына айыппұл салынған, деп хабарланған ҚМДБ ресми сайтында.

«Қажының туыстарының бұл әрекеті Салт-дәстүр туралы заңға қайшы келеді. Және де осындай мүмкіншіліктері жоқ адамдарға кері әсерін тигізеді» делінген Тәжікстан Үкіметі Дін істері комитеті мәлімдемесінде.

Ал келген қажы мен оны күтіп алған туысының аты-жөні, салынған айыппұл көлемі құпия болуда. Қазіргі уақытта республика әуежайларында қасиетті шаһардан қажылық жасап оралған азаматтардың келуіне орай күтіп алушылардың әрекеттерін бақылау мақсатында арнайы комиссия жұмыс жүргізуде. Жоғарыда көрсетілгендей, заңға қайшы шаралар орын алған жағдайда қажыны күтіп алушыларға заңмен айыппұл тағайындалады.

Естеріңізге сала кетсек, тәжік елінде 2007 жылы «Салт-дәстүрлер мен шаралар туралы» заң қабылданған еді. Құзыретті орындардың айтуынша, аталмыш заң елдегі кедейліктің алдын алу мен ысырапқа жол бермеу мақсатында енгізіліп отыр.