Kazinform –105 жыл: әріптестер мен серіктестердің ыстық ықыласы
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін еліміздегі ең көне медиаресурстардың бірі — Kazinform халықаралық ақпарат агенттігіне 105 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай агенттік ұжымының атына жан-жақтан құттықтау хат-хабар түсіп жатыр.
Таңертең серіктес Иранның IRNA ақпарат агенттігінің атынан құттықтау келіп түсті.
— Kazinform ақпарат агенттігінің 105 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Бір ғасырдан астам уақыт бойы Kazinform бірнеше ұрпақты ақпараттандырып, қоғамдық пікірді қалыптастырып келе жатқан сенімді жаңалық көзі болып келеді. Бұл — аса зор жетістік. Біз IRNA агенттігінде Қазақстан Президентінің Телерадио кешенімен орнатқан өзара байланысты жоғары бағалаймыз және Иран мен Қазақстан халқының мәңгілік достығына, сондай-ақ ортақ кәсіби мақсатқа негізделген ынтымақтастықтың жалғасатынына үміттенеміз, — деген лебізді қабыл алдық.
Сондай-ақ Моңғолия елінің Montsame ұлттық ақпарат агенттігі мерейтоймен ортақтасып, материал жариялады.
Мерейтоймен таңертең көрші бауыр халық Өзбекстанның UzA ұлттық ақпараттық агенттігі ілтипатын жеткізді.
Болгарияның NOVINATA.BG ұлттық ақпарат агенттігі де ынтымақтастыққа разылығын білдіріп, бірлескен жұмыс елдер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға және сенімді ақпаратты таратуға ықпал ететінін атап өтті.
Агенттікке құттықтау жолдаған өзге де халықаралық серіктестер болды, атап айтқанда ӘЗЕРТАДЖ (Әзербайжан), TPS (Израиль), «Арменпресс» (Армения). Әріптестер Kazinform агенттігінің кәсіби журналистиканы дамытуға, тәжірибе алмасуға және шынайы ақпаратты таратуға қосқан үлесіне ерекше тоқталды.
Одан бөлек ресейлік ТАСС ақпарат агенттігі ұжымынан қуанышты хабар келді.
— Kazinform қызмет жылдарында оқиғалардың шынайы көрінісін бейнелейтін өзекті және тексерілген жаңалықтарды ұсынып, сенімді ақпарат көзі ретінде танылды. Кәсіби ұжым айнымас біліктілігі мен ісіне адалдығы оқырмандар мен жазылушылардың зор сенімі мен құрметіне ие болды. Kazinform халықаралық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосып, Қазақстан Республикасының және бүкіл әлемнің маңызды саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және спорттық оқиғаларын жариялап келеді, — делінген құттықтау хатта.
Мерейтойды жергілікті серіктестер де назардан тыс қалдырған жоқ — InBusiness агенттігі «Kazinform» агенттігінің тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихындағы рөлін атап көрсетті.
Бұған дейін айтулы датаға орай агенттік ұжымының атына мемлекеттік органдардан келіп түскен құттықтаулармен бөліскен едік.
Бүгін Қазақстан жылнамасының жаршысы Kazinform агенттігіне — 105 жыл.
Мерейтойға орай агенттікте бірқатар материал шықты. Оқырмандарға Kazinform таспалаған тарихи суреттерді ұсынған едік.
Осынау атаулы дата қарсаңында «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің ардагері, Қазақ редакциясының 1997-2011 жылдар аралығындағы бас редакторы, белгілі жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарылқап Бейсенбайұлын сөзге тартқан болатынбыз.