Kazinform агенттігі жаңа «Мәлімет» жобасын іске қосты

Фото: Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM — «Мәлімет» − Қазақстанның медианарығында алғаш рет ұсынылған жаңа айдар, онда саясат, экономика, бизнес, ғылым, мәдениет секілді түрлі салада ел дамуына елеулі үлес қосқан танымал қазақстандықтардың өмірбаяны мен қызықты мәліметтері жарияланады.

«Мәліметте» кейіпкерлердің өмірі мен мансабындағы маңызды сәттері мен жетістіктері, сондай-ақ фотосуреттері мен оларға қатысты соңғы жаңалықтар ұсынылады. Біз Қазақстанның ең басты тұлғалары туралы барлық мәліметті бір айдарға жинадық, осылайша олар туралы бар ақпаратты оңай әрі жылдам білуге болады.

Бұл неге қызықты? 

• Расталған мәліметтер: барлық ақпарат фактчекингтен өтеді және Қазақстан сегментіндегі ең толық әрі сенімді дерек болып саналады;
• Мультимедиалық формат: әрбір деректе фотосуреттер, тиісті жаңалықтарға сілтемелер мен әлеуметтік желідегі профильдер бар, бұл материалды сенімді ғана емес, тартымды ете түседі;
• Қазақстан медианарығында баламасы жоқ: «Мәлімет» — елдегі танымал тұлғалар жайлы ең толық әрі ашық деректер базасы;
• Екі тілде қолжетімді: барлық ақпарат қазақ және орыс тілдерінде ұсынылған, бұл оны анағұрлым ауқымды аудиторияға қолжетімді етеді;
• Қолайлы: барлық дерек бір жерге шоғырланған, бұл Қазақстанның қазіргі келбетін қалыптастырып жатқан тұлғалар туралы жан-жақты мәліметті оңай алуға мүмкіндік береді.

Жоба журналистерге, сарапшыларға, студенттерге, зерттеушілерге және мемлекеттік әрі қоғамдық процестерге ықпал ететін тұлғаларға қызығушылық танытқан барлық оқырманға арналған.

Келешекте «Мәлімет» Орталық Азия елдерінің белгілі тұлғаларын да қамтитын болады.

Kazinform агенттігі ақпарат таратудың заманауи форматтарын дамытуды жалғастырады және қоғамды сенімді әрі пайдалы дереккөзбен қамтуды мақсат етеді.

Айдарға сілтемелер:

https://kaz.inform.kz/persons/ 

https://www.inform.kz/persons

Айта кетейік, биыл KAZINFORM агенттігіне 105 жыл толады. Агенттіктің мерейтойына арналған материалдар топтамасы жарияланып тұрады. Осы орайда, мұрағат деректерінен 1953 жылы Жамбыл облысының Свердлов ауданына қарасты «Труд пахаря» кеңшарында су сору үшін жел қозғалтқышының орнатылғаны туралы ақпарат агенттік таспасы арқылы бүкіл республикаға тарағаны жайлы жазба табылды.