Kazinform фототілшісі Санкт-Петербургтегі байқауда топ жарды
АСТАНА. KAZINFORM — Әлемдік деңгейдегі PhotOlympic-2025 байқауында Kazinform фотографы Мақсат Шағырбай топ жарып, 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль және 96 қатысушының ішінен арнайы жүлде иеленді.
Айта кетейік, бұл байқау екінші рет өткізіліп отыр.
Алғаш рет Сербияның Нови-Сад қаласында ұйымдастырылса, биыл әлемнің үздік фотографтарын Ресейдің Санкт-Петербург қаласы қарсы алды.
Жалпы 96 мықты фотограф бақ сынаған жарыстың басты ерекшелігі — басқа байқауларға мүлде ұқсамайтын шарттарында.
Қатысушыларға небәрі 24 сағат ішінде 24 түрлі тақырып ұсынылады.
Әр тақырыпқа сәйкес түсірілген суреттер сол аралықта қазылар алқасына тапсырылуы тиіс.
Ал әділқазылар әр номинацияны балдық жүйемен бағалап, үздіктерді анықтап, марапатқа ұсынады.
Еске сала кетейік, 13 тамыз күні еліміздегі ең көне медиаресурстардың бірі - Kazinform халықаралық ақпарат агенттігіне 105 жыл толды.