Қожа Ахмет Ясауи кесенесі 80 жыл бұрын қандай еді

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі реставрация кезінде. 1956 жыл. Фото: Будневич, Сальников

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Kazinform агенттігінің 105 жылдығына орай архивтегі сирек тарихи фотосуреттер көпшілік назарына ұсынылды. Оның арасында 1956 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жүргізілген реставрация кезіндегі бұрын-соңды жарияланбаған кадрлар да бар.

Мамандардың айтуынша, бұл фотосуреттер — аса құнды тарихи дереккөз саналады. 

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожаның мәлімдеуінше, суреттерде соғысқа дейінгі кезеңнің, атап айтқанда 1937–1941 жылдар аралығындағы жағдайлар да бейнеленген.

Ясауи кесенесінің оңтүстік-батыс қасбетіндегі реставрация. 26 қазан 1956 жыл. Фото: Будневич И., Сальников Ф.

— Бұл фотоларды нағыз тарихи құжаттар деп айтуға болады. Мысалы, кейбір кадрларда кесене айналасында екі қатар қорғанның болғаны көрінеді. Сол қорғандардың қалдықтары да бейнеленген. Сондай-ақ, сол кездегі мешіт бөлігінің артқы жағында төрт тіреу тұрғаны байқалады. Кейінгі жөндеу жұмыстары кезінде олардың біреуі алынып тасталып, үшеуі ғана сақталған, — дейді тарихшы.

Фото: Мұхтар Қожаның жеке архивінен

Ғалымның айтуынша, қалпына келтіру жұмыстарына шетелден арнайы шеберлер тартылған. Олардың арасында әйелдер де болған.

Суреттерде шеберлердің қыш қалап жатқаны, әйел жұмысшылардың саз илеу процесіне қатысқаны анық көрінеді.

Ясауи кесенесінің оңтүстік-шығыс қабырғасын жөндеу жұмысы. 1956 жыл. Фото: Будневич, Сальников

Сонымен қатар, 1956 жылы түсірілген кесененің алдыңғы көрінісіндегі бір фотосуретте техникалық қателік орын алған. Фото пленка қағазға теріс басылған.

— Бұл жерде кесене бейнесі айнадағыдай кері көрініс берген. Аяқ жағында тіреу орны бір жақта ғана болуы керек еді, бірақ суретте екі жағында тұрғандай әсер қалдырады, — дейді Мұхтар Қожа.

Реставрация жұмыстары кезінде пайдаланылған құрылыс материалдарының орналасу тәртібі мен жұмыс тәсілдері де фотосуреттерден анық байқалады.

Ғалымның айтуынша, сол кезде жерді аршу үшін трактор қолданылып, 2 метрге дейінгі топырақ қабаты алынған. Алайда бұл топырақ қабатында маңызды археологиялық жәдігерлер де болған.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. 1947 жыл. Фото: КазТАГ

— Сол кезеңдегі жөндеу жұмыстары мен құрылыс әдістерін бейнелейтін бұл суреттер — өте құнды дерек. ҚазАқпарат архивінен алынған бұл материалдар еліміздің мәдени-тарихи мұраларын зерттеуге үлкен үлес қосады. Бұл фотосуреттер тарихшылар мен ғалымдар үшін таптырмас айғақ саналады, — деді профессор.

Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, қаланың құрметті азаматы Жарылқасын Әзіретбергенов сол кездегі тарихи сәттерге куә болған азаматтардың бірі. 

Ақсақал 1956 жылды былайша еске алды: 

— Ол кезде мен педагогикалық училищеде оқып жүргенмін. Кесене маңынан жиі өтетінбіз. Түрлі ұлт өкілдерінен құралған шеберлер реставрация жұмысымен айналысып жатты. Тас пен топырақты сыртқа шығарып, үлкен дайындық жүргізілгенін өз көзімізбен көрдік. Ол кезде кесенеге келушілер өте сирек болатын, — дейді ақсақал.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. 24 ақпан 1941 жыл. Фото: КазТАГ

Айта кетейік, бұдан бұрын Kazinform агенттігі 105 жылдық мерейтойына орай жеке архивтен Медеу мұз айдынының сирек фотоларын жариялаған болатын.