Казино алдында полицейлерді балағаттаған адам қамауға алынды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Қонаев тұрғынының полицейлерге қарсы іс-әрекеті тәртіп сақшысының видеожетонына түсіп қалған.
Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, 23 мамыр күні патрульдік полицейлер Қонаев қаласында орналасқан ойын-сауық мекемесінде қоғамдық тәртіпке қауіп төндіріп, мас күйінде жүрген ер адам туралы хабарлама бойынша оқиға орнына барған.
Келген кезде тұрғын полиция қызметкерлерін балағаттап, қарсы іс-әрекет жасаған. Сондықтан тәртіп сақшылары мас азаматты тұтқындады. Ер адам полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны және бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылды. Сот шешімімен құқық бұзушы 7 тәулікке қамауға алынды.
«Біздің тәртіп сақшыларымыз көрсеткен кәсібилік пен ұстамдылық ауыр зардаптардың алдын алды. Біз әрқашан жанжалды жағдайларды барлық қатысушы үшін ең аз тәуекелдермен шешуге тырысамыз», – деді Қонаев қалалық Полиция басқармасының бастығы Ұлан Садықов.