Қазір араб елдерінде жаңарудың үшінші толқыны жүріп жатыр- С.Әкімбеков.

АЛМАТЫ. 2 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жаңару кезеңінде араб елдерінде ғаламдық өзгерістер болды.

Бұл бүгін Алматыда "Араб дағдарысы: себебі, қауіп-қатерлері, салдары" деген тақырыпта өткен сарапшылар мәслихатында айтылды.

"Қазір біз араб елдерінде жаңарудың үшінші толқынын көріп отырмыз. Біріншісі, постколониялық кезеңде, ал екіншісі социалистік солшыл кезеңде болды. Жаңару кезінде халықтың ауылдан қалаға қоныс аударуы ұлғайды. Соның нәтижесінде білім беру мен денсаулық сақтау салалары өсіп, халықтың өмір сүру деңгейі арта түсті. Халықтың үлкен көлемде қалалық жерлерге шоғырлануы ең алдымен дәстүрлі отбасылық қоғамдық қатынастарды өзгертті", - дейді ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Сұлтан Әкімбеков.

Саясаттанушы ғалымның айтуынша, бұл үрдіс қазір Қазақстанда да көрініс табуда. Қалалық жердегі жаңа әлеуметтік топ "қалалық кедейлер" деген терминді қалыптастырып отыр. Сондай-ақ Қазақстанда айқын аңғарылмаса да, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты көршілес елдерде әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің оң шешімін таппауынан радикалды исламдық көңіл-күйдегі адамдардың жаңа бір тобы қалыптасуда. Бұл қазіргі кезде араб елдерінде шарықтау шегіне жетіп отыр. Өйткені ондағы жаңару кезеңдерінде билікке тек белгілі бір топтар ғана келіп, өзгелері одан шеттетіліп келді.