Қазір эстрада саласы танымалдықтың ең оңай жолы болып бара жатыр - Тілеулес Құрманғалиев

АЛМАТЫ. 18 ақпан. ҚазАқпарат - Өнер жолы  қиын да күрделі. Бұл жайлы кеше  Алматыда өткен әнші Тілеулес Құрманғалиевтің «Ойқарағай» деп аталатын алғашқы ән жинағының тұсаукесер кешінде айтылды.

"Қазір танымалдықтың ең оңай жолы  эстрада саласы болып бара жатыр. Әу деп ән айтқанның бәрі дауыс ырғағы келсе болды үлкен сахнаға шығуға ұмтылады. Көп жағдайда халық өнерін  арқалап жүрген дәстүрлі әншілеріміз жеке кеш өткізуге немесе  жинақ шығаруға қолдары тие бермейді. Өйткені бұл салада әлі игерілмей жатқан  және айналымға түспеген халық мұрасы өте көп», - дейді Т. Құрманғалиев. Бүгінгі таңда ол өзі білім алған Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясында ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеп жүр. Қолы қалт етсе ел аралап, ұмытылып бара жатқан халық әндері мен ақындарының мұрасын жинауды әдетке айналдырған оның қорында 400-ге жуық ән жинақталған. «Көбіне халық әндерін орындаймын. Дәстүрлі ән өнеріндегі Жетісу мен Арқа  мектептерін толық меңгердім де айта аламын.  Оны кәсіби түрде оқып, үйрендім. Бұл жинаққа қалық жұртшылық әлі естімеген «Ақ жайла», «Ағажай порым» «Жекен жар» сияқты көптеген халық әндері мен халық сазгерлерінің өнерсүйер қауымның назарынан тыс қалған бірқатар  туныдылары еніп отыр. Мәселен «Ақ жайланы» айтыстың ақтаңгері атанған Оразалы Досбосыновтан үйренгенмін. Ал енді біреулерін  көнекөз қарияларымыздан іздеп барып үйрендім», - дейді Тілеулес Құрманғалиев.