- Нұржан Жалауқызы, сіздің «Қазақстан» республикалық телерадикорпорациясына басшылыққа тағайындалғаныңызға бүгін тура 5 жыл толыпты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзіңізге үлкен сенім артып, осы саланы басқаруды сеніп тапсырды. 5 жыл аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде біраз ауқымды шаруалар атқарылғанын көзі қырағы көрермен байқап отыр. Әр жылғы телемаусым ерекшеліктерімен есте қалады. Биылғы жыл да сол әдетінен таңбайтын секілді. Оның үстіне сіздер жазғы маусымда демалысқа кетпей, керісінше, көрермендеріңіздің зейінін өздеріңізге қаратудың ерекше амал-тәсілдерін ойлап тапқанға ұқсайсыздар. Еңбек демалысының уақыты болғанымен, көрермендер де әдетінен жаңылмайды ғой. Телеақпарат әлі де маңызды...
- Иә, дұрыс айтасыз. Қазір интернет заманы болса да, телевизия саласы БАҚ арасында маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Бұлай деуімнің себебі, кейінгі кездері бірқатар сарапшылар ТВ дәуірінің аяқталып келе жатқанын алға тартуда. Менің ойымша, түрлі мобильді гаджеттер өмірімізге терең енгеніне қарамастан, телевизия, радио, тіпті газет те ақпарат таратуда өз бағыттарынан таймақ емес. БАҚ функциялары кеңейе береді.
Телевизия ақпарат таратып қана қоймай, танымдық-ағарту жұмысын қатар алып жүреді. Ақпарат тарата отырып, көңіл көтереді, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға мейлінше көбірек көрермен тартады. Қажет болса, тәжірибелік көмек те ұсына алады. Мысалы, жаңа экономикалық саясаттың маңызды тақырыбы - мүлікті заңдастыру немесе өз кәсібін ашу үшін мемлекеттік субсидия алу мүмкіндіктері сала мамандарымен қоса, көрермендердің өздерінің қатысуымен талқылануда.
Біздің арнаның шағын және орта бизнесті қолдау туралы «Табыс сыры» атты жобасы көрермендерге жүзеге асырылып жатқан реформалардың негізін түсінуге, мүмкіндіктерін бағамдауға мүмкіндік береді. Тасы өрге домалаған кәсіпорындар тынысы туралы ақпарат тарату арқылы біз көрерменге өз ісін қалай ашуға болатынын түсіндіреміз. Біздің тілшілер жаңа кәсіпорындар, олардың даму жолдары, шығаратын өнімдері, қызмет ететін адамдар, олардың мақсаттары туралы ондаған сюжет дайындады.
Әрине, әлі де болса шешімін таппаған түрлі мәселелер, сындар да елеусіз қалмайды. Алайда, біз, ең қиын кезеңнен де шығудың жолы бар екенін айтып, дұрыс ойлауды үйретеміз, телекөрермендерге қол ұшын беріп, ынталандыруға тырысамыз. Көрермендермен бірге қуанып, бірге уайымдаймыз. Біз барынша көңіл-күйі көтеріңкі телеконтент жасауға тырысамыз. Жаңалықтар, ток-шоу, деректі фильмдер сияқты барлық жобаларымыз дәл осы мақсаттарға бағытталған. Енді екі жылдан соң Ұлттық арна 60 жылдық мерейтойын атап өтеді. 2011 жылдан бастап, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы жүз пайыз қазақ тілінде хабар таратып келе жатқанын білесіз. Телеарнаның бағдарламалық саясаты өткен жылдардағы эфир тарату дәстүрін сақтап, өзінің сапалы жобаларын шығаруды мақсат тұтқан. Біздің шығармашылық-техникалық топ кәсіби деңгейін үнемі арттыра отырып, телеиндустрияның әлемдік нарығындағы жаңашылдықты игеруді әркез назарда ұстайды.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың үнемі қолдауының арқасында телерадиокорпорация өзге де мемлекеттік БАҚ-пен бірге соңғы 5 жылда заманауи жабдықталған «Қазмедиа орталығы» ғимаратында жұмыс істеп келеді. Технология, ақпарат беру форматының әртүрлілігі, графикалық безендіру үнемі жетілдіріліп отырады. Бұл жайттардың барлығы телевизиялық «әдеттердің» қалыптасуына тікелей әсер етеді. Біз көрерменге қажетпіз, бізге қызығатын өз аудиториямыз бар. Сол қуантады.
- «Қазақстан» өзін әмбебап арна ретінде көрсетуде. Бұл ұғымды қалай түсінуге болады?
- Біз әртүрлі жанрдағы өнім ұсынамыз: ақпараттық, сараптамалық, әлеуметтік-экономикалық, танымдық, ойын-сауықтық, мәдени, тарихи, бизнес-жобалар. Жалпы адамзаттық құндылықтардың, этникааралық келісімдердің қалыптасуына, жастар тәрбиесі, Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын насихаттауға өз үлесімізді қостық. Бізге ұлты өзге болса да, әрбір қазақстандықтың біздің өнімді түсініп, қабылдағаны маңызды.
Біз отандық телехабар таратушылар арасында алғаш болып қоғамдық маңызды бағдарламалар, деректі фильмдер, телехикаялар және басқа да көрермен назарынан тыс қалмайтын төл өнімдерімізді орыс тіліне субтитр арқылы аударуды қолға алдық. Студияларда қазақ тілінде ғана емес, сонымен қатар, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлей алатын кәсіби журналист- интервьюерлер қызмет етеді.
- Сіздер кімге хабар таратасыздар? Көрермендеріңіз кім?
- Біздің көрермендер - өзін де, елімізді де дамытып, ілгерілеткісі келетін, позитивті ойлайтын адамдар. Біз республикамыздың барлық аймағындағы 100 мыңнан астам аудиторияға хабар таратамыз. Әсіресе, «Қазақстанды» 15 пен 45 жас аралығындағы көрермендер көреді. Зерттеулер бойынша, көрермендердің орташа жасы - 32. Әйтсе де, әрбір қазақстандық біздің бағдарламалар кестесінен керегін алса екен дейміз.
- Көрермендер назарын қалай аударуға болады?
- Жаңа форматтар іздеу керек, бағдарламалардың мән-мазмұнын жетілдіру қажет. Біз көрермендерді сапалы контентке үйреттік. Бізден соны талап етеді. Көрерменнің тек ақпараттық бағдарламаларды көріп қана емес, оның бір мүшесі болғанын қалаймыз.
Біздің журналистерді ауыл-аймақтардан халық көрсе, оларды танып, алғыс айтып жатады. Сол үшін қуанамыз. Еліміздегі бейбітшілік пен келісім үшін қызмет етіп жатырмыз. Халықтың ықыласына бөлену - еңбегіміздің ақталғаны деп білемін.
Айта кетейік, корпорацияның kaztrk.kz порталы онлайн-режимде хабар таратады. Көрермендер бағдарламалардың өткен сандарын, телехикаяларды кез келген уақытта тамашалай алады. Олар да аудиториямызды «ұстап қалуға» көмектеседі.
- «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының қай бағдарламасын көруге кеңес бересіз?
- Миллиондаған қазақстандықтардың көңілінен шыққан ТОП бағдарламалар бар. Өткен ТВ-маусымынан бері біздің ақпараттар «KazNews» атауымен эфирге шығып жүр. Күннің басты оқиғаларын барлық телеарналардан бірінші болып қорытындылаймыз. Ақпараттардың берілу форматы мен оларды графикалық әрлеудің арқасында біздің жаңалықтар одан әрі сапалы, қызықты бола түсті.
Ұлттық арнаның 85 пайыз бағдарламасы - өзіміздікі. Көптеген жобаларымыз танымал болды. «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» ток-шоуы - рейтингісі ең жоғары жобаларымыздың бірі. Студия қонақтары - өнер жұлдыздары, спорт шеберлері, медицина, ғылым саласының өкілдері көрермендермен өз жетістіктерінің құпиясымен бөлісті. Әлі де бөлісе бермек.
Сондай-ақ, «Бірге таңдаймыз!», «Әйел бақыты» бағдарламалары да - жоғары рейтингті. Ләйлә Сұлтанқызы жүргізетін «Әйел бақыты» жобасының танымал болғаны сонша - эфир уақытын 40 минуттан 2 сағатқа ұзарттық.
- Көпшілік сұранысындағы бұл жобалар не туралы?
- «Әйел бақыты» ұғымы нені білдіреді? Егер әйел бақытты болса, оның балалары, ата-анасы, отбасы да бақытты. Әйел бақытты болған жағдайда, біздің қоғам да бақытты болатынына сенімдімін. Жобаның мәні жалпыадамдық құндылықтар, балаларды тәрбиелеу, олардың болашағын таңдау, үштілділікті енгізу, денсаулық, мәдениет, спорт және тек әйел үшін емес, бәріне де қызықты басқа да мәселелер.
«Бірге таңдаймыз!» жобасында біз көрермендермен бірге салауатты өмір салтын таңдаймыз, дұрыс тамақтану, кітап оқу. Бірге әдемі заттар тігеміз, тоқимыз және үлгісін жасаймыз. Таңдалған тақырыптар танымал болғандықтан, ол жобалар әлеуметтік желілер арқылы талқыланады. Мұрат Әбеновпен өтетін қоғамдық-саяси «Серпіліс» ток-шоуы, Дана Нұржігіттің әлеуметтік-драмалық «Дара жол» секілді апта сайынғы жобалары аудиторияға кеңінен танымал.
«Бүгінгі күннің батырлары» бағдарламасының кейіпкерлері - басқалар үшін үлгі болатын адамдар. Біреулері сырқатын жеңді, біреуі өзінің өмірін тәуекел етіп, басқаның өмірін құтқарды, біреулері оны күнде іске асырады. Себебі оның кәсібі - дәрігер. Жетімге ата-ана болу, туған ауылына жәрдемдесу. Мысалдар көп және де қазақстандықтар олар туралы білулері тиіс.
Шетелдіктер асырап алған қазақстандық балалардың тағдыры туралы «Шетелдегі қазақ балалары» сынды бірегей жобамыз туралы айтуға болады. «Сенбілік таңда» Гүлмира Дайрабай үлкен отбасылық дастарханда еліміздің әйгілі адамдарымен кездеседі.
Қазақстан - көпұлтты мемлекет. Кез келген ұлт мәдениетінің маңызды элементі - ұлттық тағам болып табылады. «Ас болсын» - бұл тек рецептер мен тағамдар емес, еліміздегі ұлттардың тарихы, фольклоры, салт-дәстүрі туралы сөз болатын «телесаяхаттанушылар клубы».
Жуырда ұсынылатын «МузАРТ Live» мегажобасы отандық жаңа таланттарды іздейді. Музыкалық байқаудың үшінші турына 60 (16-дан 25 жасқа дейінгі) вокалшы өтті, финалға 6 өнерпаз таңдалады. Барлық әндер мемлекеттік тілде орындалады. Ал, көктемде қазақстандық эстраданың барлық жұлдыздары жанды дауыспен орындайтын «Сәлем, Қазақстан!» апта сайынғы Live-жобасы көрермендерге жол тартты.
- Телерадиокорпорация және Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Шын жүректен» қайырымдылық телемарафоны қоғамдағы елеулі оқиғалардың біріне айналды....
- Ол сәуірдің аяғында өтті. Әуелі біз оны бір күн ішінде өткізуді жоспарлаған едік, алайда, көрермендер мен қатысушылардың оң пікірін ескеріп, үш күнге ұзартуға шешім қабылдадық. Аудандарда қиын жағдайға тап болған, ауыр сырқаты бар, қоғамның материалдық және моральдық көмегіне мұқтаж отбасылар туралы сюжеттер дайындаған тілшілермен тікелей қосылулар болды. Астана, Алматы, Тараз, Атырау және Қарағанды студияларына мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, депутаттар, БАҚ, қайырымдылық ұйымдарының өкілдері, спортшылар келді. «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ҚҚ 30 миллион теңге аударылды, сонымен қатар, 15 миллион теңге мөлшерінде қызметтер мен тауарлар түрінде көмек көрсетілді. Бізге мыңдаған өтініштер, 861 телефон қоңырауы келіп түсті, әлеуметтік желілерге келіп түскен хаттар бойынша 300-ден астам жарияланым жасалды. Осындай телемарафондарды дәстүрлі түрде өткізу туралы шешім қабылданды.
- Нұржан Жалауқызы, алда ұсынар қандай жобаларыңыз бар?
- 11 шілдеден бастап «Қазақстан» арнасы өз көрермендеріне «Ұлы дала баласы» атты жаңа реалити-шоуды ұсынады. Жоба Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған. Сонымен қатар, басты мақсат - кейде бізге жетіспейтін адамдық құндылықтарды дәріптеп, насихаттау. Бұл дегеніңіз - жақыныңа жаның ашу, мұқтаждарға қол ұшын беру, ауқатсыз адамдарға қайырымдылық көмек көрсету.
Түсірілімді еліміздің тоғыз қаласында жүргізу жоспарланып отыр. Танымал қазақстандық әнші Төреғали Төреәлімен өңірлерге «Қазақстан» телеарнасының жұлдыздары да барады.
Ал, «Арнаның бетке ұстарлары» жобасы телекөрермендерге республика аймақтарының жетістіктері мен ерекшеліктері туралы айтып берді. Бұл өңірлердің өзіндік бейнетаныстырылымы болды. Күзде «Қазақстан» телеарнасынан «Көркем фильммен» бірлесіп түсірілген жүз сериялық «Айман - Шолпан» телехикаясын күтіңіздер. Оның идеясы қазақ ұлттық лиро-эпостық поэмасынан алынған. Сериалда егіз қыздың тағдыры туралы баяндалады. Айта кетсек, оларды бір актриса - Салтанат Бақаева сомдайды.
-Кейде көрермендер телеарнаны өтіп жатқан сериалдарынан бірден танып жатады. Сіз «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы эфирінен шетелдік телеөнімдер қысқартылып, отандық сериалдар үлесінің артқандығын бірнеше рет атап өттіңіз...
-2013 жылдан бастап «Қазақстан» телеарнасы отандық сериалдарды, өз өнімдерімізді дамытып келеді. Қазақстандықтар экраннан заманауи, шетелдік өнімдерді көргенімен, өз мәдениетіміз бен тарихымызға, салт-дәстүрімізге деген қызығушылықтары зор. Бүгінде отандық сериалдарға көрермендердің сұранысы жоғары болғандықтан, біздің арна аталмыш аудиторияға бірден жауап қатуға тырысады. Отандық сериалдардың рейтингі шетелдік сериалдардан кем еместігі қуантады.
Біз отандық сериалдардың сапасын жақсарту үшін жаңа идеяларды дамытып, түсірілім жұмыстарын, сценарий, синопсис, монтажды қадағалап, түсірілген кадрларды тексеру жұмыстарын жүргіземіз.
Көрермендерге «Сырғалым», 100 сериялы «Қара шаңырақ», «Көк тарландары», «Жедел жәрдем», «Достар» сериалдары ұнады. Олардағы басты кейіпкердің бірі мұғалім («Ұстаз»), бірі полиция қызметкері («Ауыл сақшысы»), бірі дәрігер («Жедел жәрдем») болды.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясының тапсырысы бойынша Dastan MEDIA кинокомпаниясы 12 бөлімнен тұратын «Жаңа қоныс» сериалын түсірді. Онда ауыл мен қаланың жандануы, ауылдық жастардың қала өміріне бейімделуі, туған жерге деген сағыныш, қазақ қоғамының дамуы қамтылған. Ал, «Жарық» сериалының түсіру жұмыстары Мойнақ су электр станциясы маңында жүргізілген. Бұл сериалда Қазақстанның ең көрікті жерлерінің бірі - Шарын шатқалы, Шарын өзені көрсетіледі.
- Демек, сіздер сериалдардың басты кейіпкері ретінде әр саланың мамандарын қойып, қоғам өміріне жақсы жағынан әсер етуге тырысасыздар.
- Иә, дәл солай. Мысалы, «Біздің ағай» сериалы ауыл ақсақалының қызықты оқиғаларымен байланысты. Ақсақал зейнетке шығысымен жастардың тәлімгері болады. «Таңдау» сериалы - IT-технологиясы туралы, яғни, елімізде өз кәсібіңді дамыту үшін барлық жағдай жасалғандығы қамтылады. «Аяулы арман» сериалы - үлкен өмірге қадам басқан балалар үйінің түлектері туралы болса, «Судағы із» - бір ауылда туып-өскен үш достың өмірі турасында. Сонымен қатар, «Шырғалаң» көпсериалы детективі, «Іңкәр жүрек» мелодрамасы көрсетілді. Айта кететін бір жайт, көрермендеріміздің арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша «Сырғалым» телесериалы 2014 жылдың үздік сериалы ретінде танылып, «Татарстан - Новый век» (Россия) телеканалына сатылды. Осы теленовелланы 21 маусымнан бастап «31» арна көрсете бастады. Бұл біз үшін қуантарлық хабар.
- «Қазмедиа орталығында» Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған «Жамбыл» тарихи драмасының тұсаукесері өткені есімізде...
- Көрермендер фильм арқылы Жамбыл Жабаевтың өмірі, қайраткерлігі турасында, сол кездегі Жамбыл дәуірінен хабардар болды. Айта кету керек, фильм реквизиттері ретінде түсірілім кезінде ақынның жеке заттары мен жиһаздары, ЗИМ-1 автокөлігі қолданылған. Тарихи драма көрермендердің көңілінен шықты. Әлбетте, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы алдағы уақытта да отандық сериалдардың одан ары дамуын қолға алады.
- Былтырғы жазда телеарна рейтингтік телехикаяларының бірі - «Келін» үнді фильмінің аяқталатынын жариялады. Көрермендер 1500-ге жуық бөлімін көріп шығып, оның жалғасын тамашалағылары келетінін жеткізді...
- Үнді телехикаясына үміт артып, біз Корея мен Түркия шығаратын фильмдерден бас тарттық. Шынында да, қателескен жоқпыз. Ондаған жылдар бұрын да халқымыз үнді фильмдерін сүйіспеншілікпен қараған. Сонымен қатар, екі елдің менталитеттерінде, дәстүрлерінде ұқсастықтар бар. Ол: отбасылық құндылықтар мен үлкендерді сыйлау, ер адам мен әйел арасындағы қарым-қатынас. Бүкіл Қазақстан бойынша осы телехикаяның көрермендері біздің редакцияның ВКонтакте, Facebook, Twitter, Instagram әлеуметтік желілері арқылы қаншама хат жолдады. Орыстілді көрермендеріміз телехикая қазақ тілін үйренуге ынталандырғаны туралы ойларын білдірді. Телехикаяның үлкендер мен балаларға да ұнайтынын содан білдік. Әрине, көрермеңдеріміздің өтініштерін орындау мақсатында «Келін» телехикаясын қайта көрсетуді бастадық.
Сонымен қатар, «Қызыл сарайдағы түс» атты арнамыздағы тұңғыш Қытай телехикаясының рейтингі де жақсы болғанын атап өткім келеді. Бұл - Қытай тарихындағы танымал теленовеллалардың бірі. Көрермендерді Цин әулеті кезіндегі қызықты дәуірімен таныстырады. Қазіргі таңда телебайқаулар мен фестивальдердің жүлделерін алған «Жүрегім сізге аманат» атты филиппиндік телехикая көрсетілім де сәтті іске асып келеді.
- «Қазақстан» РТРК дубляж студияларында Walt Disney компаниясының шығармаларымен жұмыс атқарылып жатқанын білеміз....
- Біздің ынтымақтастығымыз 2012 жылы басталған. Осы жылдар аралығында Ұлттық арнаның эфирінде «Золушка» мен «Белоснежка» сияқты әлемдік анимацияның классикасы және «Университет монстров», «В поисках Немо» атты мульфильмдердің кейіпкерлері қазақ тілінде сөйледі.
Жуырда Вьетнамның ең ірі медиа құрылымы VTV Орталық телеарнасымен бас келісімхатқа қол қойылды. Екі елдің мәдениеті мен дәстүрлерін көркем және деректі фильмдер, ойын-сауық, танымдық бағдарламалар арқылы жария ету мақсатында келісімшарттар жасалды.
- Футболдан Еуропа чемпионатына әлем бойынша миллиондаған көрерменнің назары ауып отыр...
- УЕФА экран алдына 4 миллиардқа жуық көрермен тартады. Қазақстандықтар чемпионаттан толықтай 51 матч көре алады: 36-ы «Қазақстан» телеарнасынан, 15-і - «Kazsport» арнасында.
Естеріңізге сала кетейін, «Kazsport» көрермендері Лиллехаммерде өткен жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарын, 2016 жылғы бокстан әйелдер арасындағы Әлем чемпионатын тамашалай алды. Сонымен қатар, «Қазақстан» дзюдодан Әлем чемпионатын көрсетудің эксклюзивті құқығына ие болды. Халық назарын аударатын осындай спорттық трансляциялар жоғары рейтинг береді.
«Қазақстан» және Kazsport телеарналары әлемдік деңгейдегі іс-шараларды әркез тікелей көрсетуге тырысады. 1 шілдеде 3 жылдығын атап өткен «Kazsport» телеарнасы 2017 жылы Алматы қаласында өтетін Бүкіләлемдік Қысқы универсиада ойындарын және басқа да спорттық шараларды көрсетуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, Геннадий Головкиннің кездесулерін тікелей эфирде көрсету «Қазақстан» арнасының жарқын дәстүріне айналды. Оның Лемьемен өткізген жекпе-жегі барлығымызды таңғалдырды. Көрермендер саны бойынша абсолюттік рекорд анықталған: «Қазақстан» көрермендері ішінен 3,5 миллион адам Геннадийге жанкүйер болған. Ал, 1 миллион адам жекпе-жекті корпорацияның kaztrk.kz сайты арқылы тамашалаған.
Сондай-ақ, атақты жерлесіміз - Қанат Исламның кәсіби мансабын әрдайым назарда ұстап отырамыз. Роман Жайлауов, Иса Ақбербаев, Жанат Жакиянов сынды спортшыларымыздың да кездесулерін ұсынып келеміз.
- Күзде еліміздің басты радиосы - Қазақ радиосына 95 жыл толады. Сол жөнінде айтсаңыз..
- Қазақ радиосы әуе толқынына тәулік бойы тарайды. Бағдарламалар эфирге 8 тілде шығады: қазақ, орыс, неміс, корей, ұйғыр, әзірбайжан, түрік, татар. Республикадағы тек қана қазақ тілінде таралатын жалғыз радио «Шалқар» радиосы да тыңдармандарымен 50 жыл бойы бірге келе жатыр. 2011 жылдан бері әлемнің кез келген нүктесінен ғаламтор арқылы FM форматында онлайн қосылу мүмкіндігі бар.
Маусым айында ең жас «Classic» радиоcы 5 жылдығын атап өтті. Оны Алматы, Астана, Ақтау тұрғындары тыңдай алады. «Classic» шетелдік танымал радиостанциялармен бірлестікте. Әсіресе, BR-klassik (Мюнхен), «Орфей» (Мәскеу) BBC 3-пен (Лондон) ынтымақтастығы нәтижелі болып келеді. 5 жылда әуе толқынына көптеген жобалар мен «Культурная мозаика», «Киноблюз», «Тылсым перне» сияқты авторлық бағдарламалар шықты.
- Нұржан Жалауқызы, өткен аптада Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтілді. Осыған орай Корпорация қызметкерлеріне, жалпы, отандық журналистерге айтарыңыз...
- Корпорациядағы тамаша кәсіби команда бізге барлық идеяларымызды жүзеге асыруға, табысты бағдарлама саясатын құруға және көрермендерімізді әркез меншікті өнімдерімізбен қуантуға мүмкіндік береді. «Қазақстан» телеарнасының ұжымы - шығармашыл, ізденімпаз. Әрдайым қосымша білім алуға талпынып жүреді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жатқан қызметкерлеріміз бар. Көпшілігі ағылшын тілін жетік меңгеруде. Қызметкерлеріміздің біліктілігін жетілдіріп отыруға, кадрларды жұмыс барысында алмастырып отыруға баса назар аударамыз.
Аймақтағы қызметкерлерімізді ынталандыру мақсатында биыл тұңғыш рет сайт арқылы «Арнаның бетке ұстарлары» байқауын ұйымдастырдық. Әр аймақтан екі қатысушы - барлығы 24 үміткер Гран-при және І,ІІ,ІІІ орындар үшін бақ сынады. Біз үшін жергілікті жерлердегі тележүргізушілердің танымалдылығын, кәсіби қасиеттері мен қызметте көтерілу деңгейлерін бағалау маңызды болды. Аймақтардағы үздік қызметкерлер болашақта Астанаға - орталық телевидениеге қызметке шақырылуы әбден мүмкін.
Журналист әрқашан оқиға ортасында жүреді. Сондықтан, БАҚ саласында қызмет ететіндерден жауаптылық, білімге құмарлық, сонымен қатар, заманға сай креативтілік талап етіледі. Үстірттіліктен аулақ болуы үшін беріп отырған тақырыбын жетік меңгеруі тиіс. Сондай-ақ, журналист сөзге абай болуы керек. Қызметтегі тілдің маңыздылығын ұмытпау қажет. Бүгінде елімізде жиі айтылып жүрген үштілділіктің де БАҚ саласы қызметкерлері үшін маңызы зор.
Жалпы, журналистика адамдардың өмірін жақсартуға қызмет етуі керек.
Біздің кішкентай еңбегіміздің әр жағында үлкен тарих, адам тағдыры жатыр. Көрермендеріміз, тыңдармандарымыз және оқырмандарымызбен бірге өмірдің әр сәтіне қуанып жүрейік.