Қазір сақтандырушы компаниялардың үшеуі - мәжбүрлі, ал біреуі ерікті түрде таратылуда

АЛМАТЫ. 22 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" АҚ 2009 жылғы қыркүйектен бері мәжбүрлеп таратылған 3 сақтандыру компаниясының кредиторларына 825,2 миллион теңге шамасында кепілдік және өтемақы төлемдерін төледі.

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

«Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы» ҚР Заңы талаптарына сәйкес 20 қарашада «Premier Сақтандыру» АҚ-ның кредиторларынан кепілдік төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі өтініштерін қабылдау аяқталды. Қор мәжбүрлеп таратылған «Алтын-Полис» СК» кредиторларына 672 миллион теңге, «Premier Сақтандыру» АҚ-ның кредиторларына 145,1 миллион теңге, «НАСКО-Қазақстан» Халық сақтандыру компаниясы" АҚ-ның кредиторларына 8,2 миллион теңге өтемақы төлемдерін төледі», - дейді «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ-ның Бас директоры Гүлбану Мұсаева.

ҚР Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің Қаржылық ұйымдарды тарату департаментінің директоры Заура Жұмабаеваның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде 3 сақтандыру компаниясы - мәжбүрлі, ал біреуі ерікті түрде тарату үдерісін бастан өткізіп жатыр. Мәжбүрлеп тарату «Алтын-полис» сақтандыру компаниясында 2009 жылдың қыркүйегінде, «НАСКО-Қазақтан» халық сақтандыру компаниясында - 2010 жылдың наурыз, «Premier сақтандыру» компаниясында мамыр айында басталды. Ал «Темір ат» сақтандыру компаниясында маусым айында агенттіктен ерікті түрде таратуға рұқсат алды. Жақын арада енді бұл компания да өз қызметін тоқтататын болады.