Қазірдің өзінде республика бойынша 150 млрд. теңгеге жуық қаражат игерілмей жатыр - Н. Назарбаев

None
АСТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат - Қазірдің өзінде республика бойынша 150 млрд. теңгеге жуық қаражат игерілмей жатыр.

Бүгін Астанада «А» баcқарушылық корпусының мемлекеттік қызметшілерімен кеңес өткізген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«Бізде халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған арнайы мемлекеттік бағдарлама бар. Ауыз су халық денсаулығының кепілі. Өкінішке қарай, осындай маңызды істерге бөлінген бюджет қаражаты игерілмей жатыр. Осылайша, Қазақстан бойынша ағымдағы жылы 150 млрд. теңге игерілмей қалып жатыр. Бұл қаражаттың барлығы облыстарға, жергілікті жерлердегі мектеп, аурухана, таза ауыз сумен қамтамасыз ету секілді әлеуметтік нысандарға арналған. Алайда, олар игерілмей жатыр, сондықтан да біз ондай қаражаттарды қайтарып алып жатырмыз», - деді Н. Назарбаев.

Бұдан бөлек, Елбасы денсаулық сақтау саласында да кемшіліктер кетіп жатқанын атап өтті. Мәселен, қыруар қаражаттарды қамтитын ауқымда ауруханалар, заманауи мектептер салынуда. Алайда, онда жұмыс істейтін мамандар тапшы, жоқтың қасы. «Сондықтан да, мен жастарды университеттен соң ауылға баруға шақырдым. Ондай жас мамандарға жеңілдіктер жасалуда. Міне, солай қызметке барып, ауылға сіңген мамандар жергілікті интеллигенцияның сүйегіне айналады. Жалпы, қай кезде де ауыл, ондағы мектеп пен аурухана қызметкерлері білімді адамдардың орталығы болып саналушы еді. Сондықтан да әр нәрсені барынша қарапайымдылықтан бастау керек. Ал біздің жұмысымыздың сапасының өзі осындай ұсақ-түйек мәселелерден қаланады», деді Елбасы.