Бұл туралы бүгін аталған бағдарлама жөнінде өткен баспасөз мәслихаты барысында «Ұлттық инновациялық қор» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әнуарбек Сұлтанғазин мәлім етті.
Ә. Сұлтанғазинның айтуынша, бағдарлама бойынша тапсырыстарды қабылдау мерзімінің енді басталғанына қарамастан, бұған деген белсенділік артып отыр. «Былтыр бағдарлама бойынша 245 млн. теңге бөлініп, 105 өтініштің ішінен 36 жоба мақұлданған еді. Бұл бағыттағы шаралар инноваторлар арасында жағымды пікір қалыптастыра алды деп ойлаймын. Бұған дәлел - қазірдің өзінде пысықтай түсу үшін өңірлердегі технопарктерге 80-ге тарта өтініш келіп түсті», - деді Ә. Сұлтанғазин.
Ал бағдарламаны жүзеге асыру мәселелеріне тоқталған Инновациялық инфрақұрылымды дамыту орталығының директоры Сергей Могильный конкурстық іріктеуден өткен инновациялық жобаларға сервистік қолдау бойынша кешенді құралдар жиынтығы ұсынылатынын мәлім етті. Атап айтқанда, қатысушыларға бизнес-жоспар әзірлеуден бастап, оны жүзеге асыру барысындағы білікті консультацияларға дейінгі қызметтер кешені көрсетілетін болады.
«Бекітілген үдерістер бойынша өтініш жасаушы өз қалауынша қажетті қызметтер тізімі мен ауқымын таңдап алады. Бұл ретте енді ғана істі қолға алған бизнесмендерге олардың инновациялық жобаларын жүзеге асыру үшін кеңсе ғимараттары, жабдықтар, бухгалтерлік, құқықтық, экономикалық, ақпараттық, маркетингтік қолдаулар, сондай-ақ инновациялық компанияның табысты дамуы үшін қажетті саналатын менеджерлік қызметтер де ұсынылады. Осыған орай, өңірдегі технопарк қызметкерлері өздеріне ұсыныспен шыққан инноваторларға әріптестер мен инвесторлар табу жағынан жәрдемдесетін болады. Инновацияны жүзеге асыру үшін келіссөздер ұйымдастырып, қолдаулар жасалады. Бұдан бөлек, бағдарлама аясында инновациялық өнім үлгілерін жасау шығындары да қаржыландырылуы, оларды сынақтан өткізу мәселелері де қамтылуы мүмкін», - дейді Орталық директоры С. Могильный.