Қазірдің өзінде уранды өндірудің теңдестірілген деңгейін қамтамасыз ету қажет - Д. Тұрғанов

АСТАНА. 29 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазірдің өзінде уранды өндірудің теңдестірілген деңгейін қамтамасыз ету қажет.

Бүгін Астанада өтіп жатқан Бірінші Қазақстандық Халықаралық Өнеркәсіптік Инновациялық Форум шеңберінде ұйымдастырылған «Қазақстандағы атом саласының жағдайы және оның даму перспективалары» атты халықаралық конференцияда Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов осылай мәлім етті.

«Атом саласы Қазақстан экономикасының перспективалы әрі ғылымды көп қажет ететін маңызды саласының бірі болып табылады. Сондай-ақ, атом саласын дамыту мәселелерін шешу мемлекетіміздің стратегиялық маңызды міндеті. Былтыр қабылданған Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасында да атом саласына басымдық берілген болатын. Оның үстіне Қазақстан қазіргі таңда уранның бай қорына ие және осыны игеруді табысты жүргізіп келеді. Уранға әлемдік сұраныстың артуын және келешектегі түпкі өнімге бағаның өсуін есепке ала отырып, бүгінгі күннің өзінде уранды өндірудің теңдестірілген деңгейін қамтамасыз ету қажет деп білеміз. Бұл ретте аса қымбат тұратын ядролық отын өндірісін құру циклына назар аударғанның маңызы зор», - деді Д. Тұрғанов. Оның айтуынша, қазіргі күні бірқатар шетелдік компаниялар «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰК бірлесе отырып Қазақстан аумағында уран өндіру жұмысын жүргізіп келеді. Бұл ретте шетелдік компаниялармен Қазақстанның қатысуымен жоғары технологиялы ядролық технологиялық циклдар салу жөнінде бірқатар меморандум мен келісімдерге қол қойылған.