«Қазіргі айтыстан халық қажи бастады»- БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 26 ақпан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 26 ақпан, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Тарихта тұңғыш әрі осы күнге дейін тек бір өзі атом қаруынан бас тартқан жалғыз мемлекет - Қазақстан атомды бейбіт мақсатта пайдалануды, жойқын қарудан бас тартуды қандай мінберден де айтып, адамзат баласы үшін игілігі мол осы жолдан таймаған бірізді саясат ұстанып келеді. Семей сынақ алаңының зардабын шеккен қазақ даласының жарасы жазылар, бірақ әлемде ядролық сынақтар өткізу тоқталмай жатқан уақытта оны айыптамай отыру да кешірілмейтін күнә. Төмендегі мақала ағылшын тілінде жарық көрсе, оған әлемдік БАҚ-тар назар аударып, жариялап жатыр. Біз өз оқырмандарымыз үшін мақаланың қазақ тіліндегі нұсқасын ұсынғанды жөн көрдік»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санындағы «Бұл - жалпыға ортақ проблема» атты мақалада. Бүгінде жер жүзінде 19 мың яд­ролық оқтұмсыққа ие тоғыз ел бар, яғни әлем ядролық қарудан келетін алапатты бір сәт те ес­терінен шығармаулары керек. Біз Солтүстік Кореяның ядролық қаруды сынақтан өткізгені туралы естігенімізде, төбе шашымыз тік тұрды. Бұл ядролық қаруды қол­дану ықтималдылығын жақын­дата түседі.

Осы басылымның жазуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұрынғы төрағасы, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі Алматыдағы Шы­ғыс­тану институтының директоры қызметіне тағайындалды. Институт қызметкерлеріне жаңа басшыны Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов таныстырып, Әбсаттар қажы Дербісәлінің шығыстану саласына қосқан үлесі мен еңбегін атап өтті. Бұл материал «Директорлыққа тағайындалды» деген тақырыппен беріліп отыр.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Мақтанғанды ұнатпайтын режиссер ел туралы 100 сериялы деректі фильм түсірмек» деген тақырыппен материал берілген. Басылымның жазуынша, қазір ол елтану бағытындағы «Қазақстан - әлемнің тоғызыншы территориясы» атты фильмін түсіріп жатыр. «Мен бұл фильмді 100 серияға жеткізгім келеді. Осы фильм арқылы дүниежүзіне Қазақстанның тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, табиғатын танытқым келеді»,-дейді ақын, кинорежиссер, сценарист Бақыт Қайырбеков.

«Айтыста көрінбей кеткенімнің бір себебі, қатты сырқаттанып қалдым. Ұзақ уақыт төсек тартып жаттым. Енді есімді жинап, аламан айтысқа қатысамын деп жүргенімде, ойда-жоқта әкей қайтыс болды. Есімді жинай бергенімде анам өмірден өтті. Осылайша біраз уақыт жұрт мені «жоғалтып» алды»,-дейді айтыскер ақын Қауаныш Мақсұтов «Айқын» басылымына берген сұхбатында. Бұл сұхбат көпшілік назарына «Қазіргі айтыстан халық қажи бастады» деген тақырыппен ұсынылған.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Иран Ислам Республикасы ұлттық қауіпсіздігі жоғары кеңесінің хатшысы Саид Джалилиді қабылдады. Кездесу БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше бес мемлекеттің, Германия мен Иранның өкілдерінің қатысуымен Алматыда өтетін Иран ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздердің кезекті раунды қарсаңында өтті. Кездесуде Мемлекет басшысы ядролық сынақтардың бар­лық ауыртпалығын өз басынан өткерген Қазақстанның жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселелерінде айтарлықтай маңызды рөл атқа­ра­тынын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев еліміз келіссөздер үдерісіне қатысушыларға алаң ұсына отырып, оның қорытындысы бойынша мәмілеге қол жеткізіледі және келіспеушіліктерді реттеу­де елеулі ілгерілеу болады деп үміттенетінін атап көрсетті.