Қазіргі бағдарламаларымызды орындау барысында халықтың әл-ауқаты бұдан да жақсарады - Елбасы

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазіргі бағдарламаларымызды орындау барысында халықтың әл-ауқаты бұдан да жақсарады деп санаймыз. Бүгін Ақордада отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

Қазақстанның кемел болашағы 2030 жылға дейінгі стратегияда жазылған әрі ол қазақстандықтарға белгілі екендігін баса айтқан Елбасы: «Ел басқарудағы барлық қызметімді пешенеме жазылған Қазақстанның жаңа мемлекетін құру, оның өркениетті елдермен терезесін тең ету, экономикасын түзеп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмсағанымды өздеріңіз білесіздер. Сондықтан қазіргі бағдарламаларымызды орындау барысында халықтың әл-ауқаты бұдан да артық түзеледі деп санаймыз», - деді.

Мемлекет басшысы жұмыс істегісі келетін ауылдағы ағайынға шағын несиелер берілетіндігін, ауыл шаруашылығында жұмысы жоқ адамдарды мемлекет тегін оқытып, жұмысқа орналастыруға ниет танытып отырғандығын атап өтті. Сондай-ақ тұрғын үй құрылысын жандандырып, қарапайым халықтың, әсіресе жастардың пәтер алатындай жағдайға жеткізу, әр жанұяның баласының жақсы балабақшада тәрбиеленіп, жақсы мектепте білім алуы, жақсы ауруханада емделуі мәселелеріне де баса назар аударылатындығын айтты. «Осының барлығы бізге елдің әл-ауқатын көтеруге мүмкіншілік береді», - деді Н.Назарбаев.