19:07, 17 Наурыз 2009
Қазіргі дағдарыстан қандай деңгейде шығатынымызды осы бастан ойластыру керек ? «Парасат» ғылыми-техникалық холдингінің Басқарма төрағасы
АЛМАТЫ. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс ерте ме, кеш пе, бәрібір аяқталады. Сондықтан одан жай ғана шығып қоймай, дамуды бірден жалғастырып алып кету үшін осы бастан қам жасау керек.
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Орталық Азиядағы жобаларды басқару. Дағдарыс жағдайындағы басқару құралдары» деп аталатын халықаралық форумда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Дайындық жоғары деңгейде болу үшін жақсы жобалар қажет. Қазақстанда оны жүзеге асыруға қажетті қаражат бар. Бұрын олар құрылыс сияқты тәуекелі жоғары салаларға салынды. Енді оны қайда жұмсайтынымызды қазірден бастап ойластыру керек. Технологиялық даму деңгейі жағынан біз қазір 3-5 укладта жүрміз. Ал дамыған кейбір елдер 6-шы укладта келе жатыр. Олар біз сияқты дамушы елдерге жаңасын емес, бірінші кезекте өздеріне қажетсіз боп қалған ескі технологиясын сатуда. Егер оларға қарапайым түрде түсінік беретін болсақ 1-сі бу машинасы, 2-сі машина жасау, 3-сі электродвигатель, 4-сі іштен жану, 5-сі компьютерлендіру, 6-сы нанотехнология», дейді «Парасат» ғылыми-техникалық холдингі АҚ-ның басқарма төрағасы Нұралы Бектұрғанов. Оның айтуынша, жаңа жобалар жасап оны тиімді басқару үшін отандық мамандарды дайындау керек. «Болашақ бағдарламасы» барлық проблеманы шеше алмайды. Сондықтан тығырықтан шығу кезінде осындай қосымша семинарлар, дөңгелек үстел жиындары мен конференциялар ұйымдастыру қажет. Бұл жобаларды басқару кезінде бұған дейін орын алған олқылықтарды түзету және өз мамандарымызды қайта әзірлеп, біліктілігін шыңдай түсу үшін керек. Оны қазірден бастап қолға алмасақ шетелден келіп ешкім жобаны өндіріске енгізуді үйретпейді. Оған үміт артудың да қажеті жоқ.