«Қазіргі Қазақстан және «Еуропаға жол»: Чехия Қазақстанды қолдайды

None
АСТАНА. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат/Айдын Бәймен/ - Парламент қабырғасында өткен халықаралық конференция Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге үлкен жауапкершілікпен қарап отырғанын көрсетіп берді. Чехия осы мақсат жолында Қазақстанға қолдау жасайтын болады. Осындай пікірді бүгін Чех Республикасы Парламенті Депутаттар Палатасының Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Ян Гамачек пен
Чех Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық істер жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Павел Лебеда ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановпен өткен кездесуде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Меймандар Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақтастық байланысты ұлғайту жөнінде пікір білдірді. Чех парламентшілері Қазақстанның этникааралық және діндераралық тәжірибесін жоғары бағалайтындарын жеткізді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып келе жатқан діндер және ұлт пен ұлыстар өкілдері арасындағы келісім елдің ынтымағын арттыруда үлкен рөл атқаратыны айтылды.Мәжіліс Төрағасы біздің еліміз Чехияны Еуропадағы маңызды әріптес деп білетінін жеткізді. Чехияның 76 кәсіпорны жұмыс істейді. Және де 20 бірлескен кәсіпорын ел экономикасының дамуына үлес қосуда. Қазақстан жастары Чехияның ең танымал жоғары оқу орындарында білім алуда. Оның бірқатары «Болашақ» бағдарламасы бойынша тәлім алып жатқаны белгілі. «Чехияда білім алып жатқан жастар елімізге сол елдің білімі мен ғылыми жетістіктерін, өнері мен мәдениетін ала келеді деген сеніміміз бар», - деді Орал Мұхамеджанов.Чех парламентшілері Астанадан алған әсерлерін, конференциядан түйген ойларын өз әріптестерімен бөлісетіндерін мәлім етті.