Қазіргі кезде Қазақстан контрциклды экономикалық саясат жүргізуде - Қ.Келімбетов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан бүгінде контрциклды экономикалық саясат жүргізуде. Бұл туралы КТК телеарнасының «Халық қызметшісі» бағдарламасына сұхбат берген ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті.

Макроэкономикалық жағдайға тоқталған ҰБ басшысы, «Қазақстанның алтын валюталық қоры 17 пайызға артты. Өткен жылы инфляция 6-8 пайыз жылдық дәлізде 7,4 пайыз болса, биылғы мамырдың қорытындысы бойынша 4,3 пайызды құрады», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, былтыр экономикалық өсім 4,3 пайызға жетсе, биылғы төрт айда оның деңгейі 2,2 пайызға жуықтады.

«Біз беріктілік қорының арқасында сыртқы қысымды еңсердік», - деді Келімбетов.

Осы орайда ол Қазақстанның резервтері қалпына келіп, екі есеге артқанын айта келе: «Біз қорды мақсатсыз жұмсап отырған жоқпыз. Қазіргі кезде контрциклды саясатты жүргізудеміз. Яғни, жақсы жылдары мемлекет қаржыны сақтап, оны қиын жылдары экономикалық өсімді қолдау үшін пайдаланады», - деп түйіндеді ҰБ басшысы.

Бұл өз кезегінде сыртқы факторлардың теріс ықпалын төмендетуге бағытталған шаралар болып табылады.