14:04, 26 Наурыз 2009
Қазіргі кезде жүзеге асыру сатысында 116 инвестициялық жоба бар - Қ. Келімбетов
АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қаржы институттарының қолдауына ие болған инвестициялық жобалардың жалпы құны 1 триллион теңгеден астам.
Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Қайрат Келімбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қ. Келімбетовтың сөзіне қарағанда, «Самұрық-Қазына» қорының қаржылық институттарының қолдауында қазіргі кезде жүзеге асыру сатысында 116 инвестициялық жоба бар. Оның ішінде 19 жоба -құрылыс индустриясы саласында, 17-сі - көлік және байланыс бағытында, 11-і - азық-түлік өнеркәсібінде, 8-і - химия өнеркәсібінде, 7-еуі - металлургияда, 6 жоба тоқыма өнеркәсібінде қамтылған. Ал аймақтарда жобалардың көбі Алматы қаласы мен Алматы облысында жүзеге асуда. Атап айтқанда, Алматыда - 16 жоба, Алматы облысында - 13, сондай-ақ Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Астанада жүзеге асыру сатысында 10 жобадан тиесілі.
«Қаржы институтарының қолдауына ие болған инвестициялық жобалардың жалпы құны 1 триллион теңгеден астам. Олардың ішінде қаржы институттарының қатысуы 317 миллиард теңгені құрайды», -деді ол.
Оның айтуынша, қаржы институттарының қолдауымен жеке бизнес өкілдері бастаған жобаларды жүзеге асыру барысында 16 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.
«Сонымен бірге қазіргі кезде Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар аймақтарды дамытуға арналған 100-ден астам жобалармен айналысуда. Құны жағынан ӘКК-лер жобалары арасында Алматы, Қарағанды, Қостанай облыстары алда келе жатыр», - деді Қ. Келімбетов.
Мұнымен қоса, дағдарысқа қарсы шаралар желісі бойынша бөлінген 120 миллиард теңге аясында шағын және орта бизнес саласында 5 мыңнан астам өндіріс орындарын ашу жоспарланып отыр. Осыған орай 6 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ.