Қазіргі қоғамға діндер сұхбаттастығы ауадай қажет - Қырғызстан Мұсылмандар діни басқармасының басшысы

БІШКЕК. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Cанаулы күндерден кейін, нақты айтқанда 30-31 мамырда елордада IV Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтеді. Осы алқалы жиын қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі Астана форумына қатысушылардың бірі - Қырғызстан Мұсылмандары діни басқармасының басшысы Чубак қажы Жалиловты сұхбатқа тартқан болатын.

- Құрметті Чубак қажы мамырдың соңында Астанада «Бейбітшілік пен келісім - адамзат таңдауы» тақырыбымен  IV Әлемдік және дәстүрлі діндер көбасшыларының съезі өтеді. Сіз Қазақстанның әлемдік діндер сұхбаттастығын ұйымдастырудағы бастамасына қалай қарайсыз?

- Бисмиллаахир рахмаанир рахиим!

Біз, Қырғызстан мұсылмандары бұл оңды бастамаға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Қазіргі қоғамға діни сұхбаттастық ауадай қажет. Өйткені, біздер мұсылман, христиан, буддист немесе басқа да діни конфессияның өкілі болсақ та, барлығымыз Жер деп аталатын ортақ үйде тіршілік етудеміз әрі бізге өзара қарым-қатынас саясатын әзірлеу жолы арқылы бейбітшілік пен келісімде өмір сүруді үйренуіміздің стратегиялық маңызы зор. Ал Астана съезіне Қырғызстан атынан қатысатындарға келетін болса, онда мен өзім республика атынан баратын боламын.

- Қазіргі уақытта Қырғыз еліндегі діни экстремизммен байланысты ахуал қалай болып жатыр? Радикалды элементтер тарапынан айтарлықтай қауіп бар ма?

- Бұл тұрғыдан айтар болсам, мүфтияттың негізгі ұстанымы - ағарту және оқыту. Экстремизм мен фанатизм, тіпті діни реңкте де әрқашан жағымсыз салдармен түйіндес келеді. Біз экстремизмнен туындаған жайттармен емес, оның бастапқы түп-тамырымен күресуге барынша тырысамыз. Біз діншіл адамдарға дұрыс Исламды насихаттаймыз. Егерде осы бағытта ұзақ уақыт әрі дұрыс жұмыс істесең, онда бұрмалаушылықтар мен түсініспеушіліктерге орын да қалмайды. Радикалдар тарапынан қауіп-қатер әр уақытта да болады. Сондықтан да барлық органдар оның салдарын жоюмен емес, керісінше экстремизмнің алғашқы себептерімен күресте жұмыла жұмыс істеуі қажет.

- Таяу аралықта сіз Ресей астанасы Мәскеуде өтетін халықаралық діни конференцияға қатысуға ниет танытып отырсыз. Осы ретте аталған іс-шара жайында әңгімелеп берсеңіз.

- Шынымен де, ресейлік тараптың шақырумен мен өзіңіз атап өткен Мәскеудегі конференцияға қатысуды жоспарлап отырмын. Бұл орайда Қырғызстан мүфтиятының радикализмге қарсы ислам доктринасына жан-жақты қолдау көрсететіндігін атап өткім келеді. Біз «радикализм мен экстремизмді олардың пайда болу кешенінде айыптайтын» діни ілім қорытындысын, сонымен қатар өздерінің пайдакүнемдік саяси мақсаттарына «джихад», «такфир», «халифат» сынды терминдерді пайдалануды сынға алатын ұжымдық тармақтар туралы ұсынысты қолдаймыз.

Сондай-ақ біз, Қырғыстанның мұсылман дінбасылары Ресей астанасында ашылған «Аль-Васатыйя - Ұстамдылық» ғылыми-ағарту ортылығына балама орталықты Бішкекте ашу туралы ұсыныс жасамақпыз.

Сұхбатымның соңында Астана төрінде өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі ғаламшардағы өркениетаралық сұхбаттастықтың жаһандық үдерісіне зор үлес қосатындығына үміт артатындығымды білдіргім келеді. Астана форумына қатысушылар дамудың қазіргі кезеңінде адамзат баласы бетпе-бет келіп отырған барлық жаңа қауіп-қатерлерге қатысты құнды ой-пікірлерін, бағалауларын білдіріп, толыққанды түрде бір-бірімен пікір алмасады деп сенемін.

- Сұхбатыңызға рахмет!