Қазіргі Конституция іс жүзінде авторитарлық суперпрезиденттік билік орнатты – сенатор

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президенттің ел Конституциясына өзгеріс енгізуді жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асыру туралы ұсынысы өркениетті елдердің ұстанымына сай. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шынында да, екінші Конституция 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған еді. Содан бері 27 жыл уақыт өтіпті. Оған қаншама өзгертулер енгізілді? Еліміздің бұл бас заңы биліктің үш тармағының тепе-теңдігін тек қағаз жүзінде ұстап, ал іс жүзінде авторитарлық суперпрезидентік билік орнатты. Демократияның негізгі принциптері бұзылды», - дейді Мұрат Бақтиярұлы.

Депутаттың айтуынша, қазір жағдай мүлдем бөлек.

«Президенттің басты ұстанымы - халықтың үніне құлақ асатын, бір-бірінен тәуелсіз Атқарушы, Заң шығарушы және Сот билігін орнату. Бүкіл өркениетті елдердің ұстанымы осындай», - дейді сенатор.

Демократияның бұдан басқа жолы жоқ екенін айтқан Мұрат Бақтиярұлы: «Сондықтан да, Президентіміздің жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға өзгерістер енгізу туралы ұсынысы - тарихи-саяси шешім болып қалатыны сөзсіз», - деп түйіндеді.