Қазіргі таңда елімізде мүгедектерге арналған 4 спорт клубы, 2 спорт мектебі бар - Е. Қанағатов
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиын барысында 2009 жылғы мүгедектер спортын дамытуда атқарылған істер қортындыланып, аймақтық және республика көлемінде мүгедектер спортын 2010-2012 жылдардағы дамуының жоспары, бағыт-бағдары айқындалды.
ҚР Ұлттық Паралимпиялық комитетінің президенті Елсияр Қанағатовтың айтуынша, денсаулығы шектеулі спортшылардың 2009 жылы халықаралық жарыстарда көрсеткен жетістіктері жаман емес. «Отырып ойнайтын волейболдан әлем чемпионатында ІІІ орын алып, қола медальға ие болды. Жастар арасындағы Азия ойындарында біздің спортшылар 23 медальға қол жеткізді», дейді Е. Қанағатов. Сонымен қатар, ол денсаулығы шектеулі жандардың спортына көп көңіл бөлу керектігін, қиналып жүрген азаматтарды спортқа тартып, өмірін қайта жандандыруға болатындығын айтты. «Әрбір облыстық, жергілікті атқарушы органдарға осы спортқа көңіл бөліп, осындай жандарға спортпен айналысуына жағдай жасалса жақсы болар еді. Біздің тарапымыздан көмектер көрсетіліп жатыр, дегенімен жергілікті жерлерде осы мәселе көтерілуі керек. Өйткені қазіргі таңда елімізде мүгедектерге арналған 4 спорт клубы, 2 спорт мектебі ғана бар. Сондықтан әрбір аймақта осындай клубтар мен мектептер болуы қажет», дейді Елсияр Қанағатов.