Бұл туралы елордада өткен «Кеден одағы: бірінші жыл қорытындылары. БЭК жолында» атты халықаралық конференция барысында ҚР Экономикалық даму және сауда вице-министрі Тимур Сүлейменов айтты.
2010 жылдан бастап үш ел арасындағы Кеден одағы кезең-кезеңмен іске қосылғанын баса айтқан ол: «Кеден одағын құру жылында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл өте қуатты саяси ерік-жігердің әрі біздің сарапшыларымыздың аянбай жұмыс істеуінің нәтижесінде орын алды», - деді.
Өз сөзінде Т.Сүлейменов 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай импорттық кеден салығы, бірыңғай кедендік тарифтер қолданысқа енгізіліп, үшінші елге қатысты бірыңғай тарифтік шаралар туралы келісім қабылданғанын атап өтті. Сондай-ақ 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап Кедендік кодекс қолданысқа енгізілді. Салық саласында жанама салық алу тәртібін нақты регламенттейтін жанама салық салудың нормативтік-құқықтық актілері әзірленді.
«Сонымен қатар бизнес үшін айтарлықтай жеңілдіктерге қол жеткізілді. Яғни құрылымдалған нормативтік-құқықтық базалар біздің нақты кәсіпорындар мен шаруашылық субъектілердің пайдасына шешілді», - деді вице-министр.