Алғашқы форумға "Ұлан" және "Ақ желкен" басылымдарының жас тілшілері мен мектеп оқушылары қатысса, биыл еліміздің барлық облыс, аудандарының жас тілшілері қатысады. Бұл туралы бүгін Алматыда ІІІ Республикалық «Қаламгер - Азамат» жас тілшілер форумының өтуіне орай болған баспасөз мәслихатында «Заңғар» шығармашылық бірлестігінің төрағасы Айдар Қырықбай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, қазіргі таңда жастарға деген сенім айрықша артқан. "Оған форумның ұйымдастыру комитетіне, ел басқарып отырған азаматтардан, әкімдер мен зиялы қауымнан келген 20-дан аса құттықтау-тілек хаттар мен Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың форум қатысушыларына жіберген құттықтау хаты дәлел бола алады. Премьер -Министрдің құттықтау хатында: "Ұлтымыздың болашағы да, мәдениеті мен әдебиетінің келешегі де Сіздердің қарым-қабілеттеріңізде. Тәуелсіз еліміздің тәлімді ұрпағын қалыптастыруда өздеріңіздей жас өрендердің орны бөлек, жүктелер жауапкершілік те жоғары" деп көрсетілгендей, біз жастар, еліміздің үкілеген үмітін ақтауымыз керек", деп атап өтті ол баспасөз мәслихатында.